Түркістанда IT мектеп ашылды
Түркістан облысында алғаш рет көпсалалы IT мектеп ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көпсалалы IT мектебі білікті мамандарды даярлауға арналған. Замануи Dosti IT School мектебінде 20-дан астам бағытта курстар бар. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мектеп ғимаратымен танысып, өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Мектепте IT саласы бойынша халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары, цифрлық саланың майталмандары жаттықтырады. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған білім ошағында бір мезгілде 80-нен астам баланы оқытуға мүмкіндік бар.
Елімізде білім саласындағы цифрландыруға көп көңіл бөлініп отыр. Аталған салада кәсіби мамандарға деген сұраныс өте жоғары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары білікті IT маман даяурлау міндетін қойғаны белгілі. Осы бағыттағы жұмыстар тоқтамайды. Біз балаларды цифрландыруға үйретуді қолдауымыз керек, - дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Мектептің көрме залында программалау, электроника және пневматика сияқты өнімдер қойылған. Сондай-ақ жасанды интеллектте жұмыс істейтін роботтар мен роботты автомобильдер бар.