Түркістанда дәрігерлер қызылшамен ауырған жүкті әйел мен баланы құтқарды
Түркістан ауруханасында дәрігерлер қызылшаның ауыр асқынуларымен түскен жүкті әйел мен баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Науқас шалғайдағы ауданнан медициналық авиация желісі арқылы Түркістан қалалық орталық ауруханасына жеткізілді.
Әйел қызылшаның ауыр ағымымен, интоксикация, сусыздану және ауыр пневмониямен асқынған жағдайда жеткізілді. Клиникалық жағдайдың күрделілігіне байланысты ана мен баланың өміріне тікелей қауіп төнген.
Науқастың өмірін құтқарып қалу мақсатында Республикалық көлемдегі кеңейтілген консилиум ұйымдастырылып, телемедицина арқылы жетекші сарапшылардың ұсынымдары алынды. Өмірлік маңызды көрсеткіштері, жүктіліктің ағымы және ықтимал асқынулар жан-жақты бағаланды. Республикалық клиникалар мамандарын жұмылдыра отырып, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының қадағалауымен, облыстық бейінді мамандардың 9 тәулік бойы жүргізілген қарқынды емі мен бақылауы нәтижесінде ана мен бала өмірі сақталды, - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.