Түркістанда Call-орталығының маманы дәріге қақалған сәбиді құтқарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облыстық медициналық жедел-жәрдем қызметінің Call-орталығына Сарыағаш ауданынан 1 жасар сәбидің дәрінің үш данасын жұтып, қақалғандығы туралы шақырту түскен. 

Дәрі нәрестенің өңешіне тұрып қалып, тұншыға бастаған. Құтқару тобы шақыртуға шұғыл аттанып, 6 минутта жеткен. Бірақ олар келгенше, диспетчер Құрбанай Латипова телефон арқылы баланың ата-анасына кеңес бере отырып, тыныс жолдарын ашуға жәрдем берген. Алғашқы медициналық жедел-жәрдем дер кезінде көрсетіліп, нәресте өлімнен аман қалған. Қазір тынысы еркін және жағдайы жақсы.

Сәбиді құтқаруда ата-анасына кеңес беріп жатып, қобалжуға жол бермеуге тырыстым. Өйткені әрбір минут сол сәтте өте маңызды еді. Көмегім сәтті аяқталғанда көзімнен жас тамшылап кетті. Жедел-жәрдем қызметінің Call-орталығында диспетчер болып жұмыс істегеніме 1 жарым жыл болды. Әр шақырту адам өмірін құтқаруда аса маңызды екенін түсінемін. Қызметіміз үлкен жауапкершілікті талап етеді, - дейді Құрбанай Латипова. 

Жалпы, Түркістан облыстық медициналық жедел-жәрдем қызметіне жыл басынан бері 500 мыңға жуық шақырту түскен. Оның ішінде балалардың бөгде затқа қақалу оқиғалары 169 рет тіркелген. Дәрігерлер осы орайда балаларға аса мұқият болу керектігін ескертеді.


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы