Түркістанда биогумус шаруашылығы дамып жатыр
Түркістан облысында ауыл шаруашылығына қажетті биогумус табиғи тыңайтқышын өндіретін кәсіпкер тұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қуанышбек Каюпов ауласында шылаушын асырайды. Алғашқыда 15 шаршы метр жерден бастаған кәсібін қазіргі уақытта 240 шаршы метрге ұлғайтып, табыс тауып жүр.
Түркістан облысына қарасты Жетісай және Шардара аудандарындағы диқандар бүгінде кәсіпкердің өніміне тапсырысты алдын ала беріп, кезекте тұрады. Қуанышбек Каюповтің агроөнеркəсіп саласына бет бұрғанына бірнеше жыл болған. Бастапқыда еккен егіні өнім бермей шығынға батқан. Себебі жер жарамсыз күйге түскен. Осының зардабын тартқан шаруа қолдан табиғи биогумус əзірлеуді қолға алады. Биогумус – шылаушынның асқазанынан қорытылып шыққан қалдығы.
Бұл топыраққа кез-келген өсімдік өседі және химиялық қоспасыз өнім алудың ең тиміді жолы. Алдағы уақытта биогумус өндіру алқабын 2 мың шаршы метрге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осылайша, ауыл-аймақтағы малдың қиын қажетімізге жаратып, диқаншылыққа пайдалы өнім шығарамыз. Қазірдің өзінде биогумус өнімінің сұйық және қою түрлерін шығарып отырмыз. Биогумусты пайдалана отырып, өнім сапасын 4 жылда 100 пайыз арттыруға болады, - дейді Қуанышбек Каюпов.
Кәсіпкер Калифорниядан 150 мың қызыл құрт сатып алып, кейін оны көбейткен. Қазіргі кезде шағын жер телімінде 25 миллионнан астам шылаушын бар. Бір литрінің бағасы – 70 теңгеге бағаланады. Жәндікті асырау үшін кез-келген жануар мен құстың нәжісі жарамды болады екен.
Айта кетейік, республикадағы 6 мыңға жуық шылаушын өсірушінің 3 мыңнан астамы Түркістан облысының тұрғындары болса, оның 150-і Жетісай ауданында тұрады.