Түркістанда бейнебақылау камераларын қасақана бүлдірген екі жігіт ұсталды
Күдікті азаматтар 4 камераны қасақана сындырған.
Түркістанда бейнебақылау камераларын әдейі бүлдірген екі күдікті анықталып, ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, қылмыс бейнебақылау жүйелерінің көмегімен ашылды. Оқиға қала көшелерінің бірінде тіркелген. Белгісіз тұлғалар 4 камераны қасақана сындырған. Салдарынан 700 мың теңгеден астам материалдық шығын келтірілді.
Тергеу барысында оқиғаның түнгі сағат 01:00 шамасында болғаны анықталды. Бетіне маска таққан екі жігіт ұзын ағашпен камераларды істен шығарған. Полицейлер қылмысты ашу кезінде жақын маңдағы бейнебақылау жүйелерінің жазбаларын мұқият зерделеді. Нәтижесінде күдіктілердің қозғалыс бағыты анықталып, жедел-іздестіру шаралары арқылы қолға түсті.
Аталған дерек бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактісімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәліметке сәйкес, күдіктілер жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлға ашуланып, осы әрекетке барғандарын мойындаған.
Полиция азаматтарды қоғамдық мүлікке ұқыппен қарап, заң талаптарын сақтауға шақырады.