Түркістанда алтын бұйымдарын жымқырған ер адам 5,5 жылға сотталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Желтоқсан айында Жетісай АПБ-ға жергілікті тұрғын келіп, белгісіз адамдар үйіне терезе арқылы кіріп, алтын бұйым, бриллианттарын ұрлап, аса ірі көлемде шығын келтіргенін айтып арызданған.
Жетісай АПБ-нің қызметкерлері іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында, күдікті ретінде жергілікті тұрғынды ұстады.
Күдікті бұрын да ұрлық жасағаны үшін сотты болған.
Алайда күдікті жазасын толық өтемеген. Сонда да өзінің соттылығына қарамастан, қайта қылмыс жасап жалпы құны 40 миллион теңгеден асатын алтын бұйымдарды жымқырған. Аталған жайтты полицейлер ҚК 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеп, күдікті ер азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізді.
Полицейлер анықтағандай, жас жігіт негізінен түнгі мезгілде үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, тұрғынға тиесілі үйдің ішінен алтындарды, бағалы бұйымдарды жымқырып кеткен. Ал ұрлап алған бағалы заттарды сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған.
Полицейлер аталған істі толығымен аяқтап, айыптау актісімен бірге сотқа жолдады. Нәтижесінде сот үкімі бойынша күдіктінің алдыңғы жазасының өтелмеген бөлігі қоса есептеліп, 24 жастағы жас жігіт 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.