Түркістанда алаяқтық жасады деген күдікпен жалғызбасты әйел ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып келеді. Оның айтуынша мүгедектікке шығарып беремін деген танымайтын әйел 90 000 теңгесін алып, сол күйі қайтармаған. 

Арызды полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Осыдан соң сақшылар күдіктіні табуға бағытталған жұмыстарды атқарды. Тәртіп сақшылары атқарған жедел шаралардың нәтижесінде, небары тәулік ішінде алаяқтық жайтына қатысы бар Түркістан қаласының тұрғыны ұсталды. Ол жұмыссыз жүрген, бұрын соңды осындай алаяқтық жайтымен сотталған жалғызбасты әйел болып шықты. 

Атқарылған жұмыстар барысында анықталғандай, күдікті әйел жолда кетіп бара жатып, аяғын сілтіп басқан ер азаматты байқайды. Әйел бірден ескі әдетіне басып, өз арам ойын іске асыру үшін азаматты мүгедектік бойынша мемлекеттен қомақты қаржы алып беремін деген жалған уәдесімен сеніміне кіріп, ақшасын алып алады. Осыдан соң уәде орындалмай, ақша қайтарылмаған соң жәбірленуші полицияның көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. 

Бүгінде ұсталған күдікті әйел қолхатта. Оның бұдан бөлек дәл осындай үш жайтқа қатысы бар екені белгілі болды. Жалпы шығын көлемі 1 миллионға жуық теңгені құрайды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Облыс полицейлері тұрғындарға барынша қырағы болып, алаяқтарға алданбауға шақырады! Сондай-ақ есте сақтаңыз, сіз ешкімге жеке басыңызға қатысты мәліметті беруге немесе айтуға міндетті емессіз! Әрбір мәселені жеңіл не болмаса заңсыз жолмен емес, тек заң шеңберінде шешуге дағдыланыңыз! - делінген хабарламада.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы