Түркістанда «AgroForum Turkistan 2023» халықаралық форумы өтті
Түркістанда «KazAgro/KazFood Turkistan 2023» көрме-жәрмеңкесі аясында «AgroForum Turkistan 2023» халықаралық форумы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Форумға еліміздің ірі инвесторлары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері және әлеуетті кәсіпкерлер қатысты. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды форумның маңыздылығын атап өтті.
«Сіздерді бірінші кезекте жыл бастауы Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Түркістан облысы – ауыл шаруашылығын жүргізу үшін ең қолайлы өңірлердің бірі. Облыстың аграрлық секторында 74 мың агроқұрылым жұмыс істеп жатыр. Өңірдің 1 миллионға жуық ауыл тұрғынының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде аграрлық саланың әлеуеті өте үлкен екендігін атап өткен болатын. Осы тұрғыда Түркістан облысы құрылғалы бері ауыл шаруашылығының өсімі тұрақты даму үстінде. Соңғы 5 жылда жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін ұлғайып, 1 трлн. теңгеден асты. Өнімділікті арттыруда жаңа технологиялар енгізіліп жатыр, ауыл шаруашылығы кешенінің тиімділігін арттыру жоспары жасалды»,- деді Дархан Сатыбалды.
Облыста суғармалы жерді тиімді игеру, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, шикізат секторынан дайын өнім секторына өту, мақта кластерін дамыту бойынша нақты жоспарларды да жеткізді. Қайта өңдеу саласында 2023-2027 жылдары 329 млрд. теңгеге 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жыл сайын 230 млрд. теңгенің өнімі өндіріледі. Форумда Түркістан облысы әкімдігі мен отандық және шетелдік инвесторлармен агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 257 млрд. теңгені құрайтын 10 келісім меморандумына қол қойылды.
Форум барысында келіссөздер мен тәжірибе алмасу жиындары өтіп, кәсіпкерлердің идеялары тыңдалды. Агросала табысын арттыру жолдары талқыланды.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 336 млрд. теңгеге жеке инвестициялар тартылған. Жалпы, республика халқын отандық өнімдермен қамтамасыз етуде облыс алдынғы қатарларда. Өндірілген мақтаның 100 пайызы, жүзімнің 74 пайызы, бақшаның 59 пайызы, жеміс-жидектің 35 пайызы, мақсарының 29 пайызы, жүгерінің 26 пайызы, көкөністің 24 пайызы және еттің 11,4 пайызы, сүттің 12 пайызы – Түркістан облысының үлесінде.
Облыста барлығы 875 мың гектар егіс алқабы бар, қазіргі уақытта оның 98 пайызы пайдаланылып жатыр. Қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Бұл салада өнімділік 5 есеге артып, бір гектардан 300-350 центнерге дейін өнім жиналуда. Қазіргі уақытта, облыстағы қарқынды баулардың көлемі 4,6 мың гектарды құрайды.
Өңірде жылыжай шаруашылығын дамытуға қолайлы Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам аудандарынан 100 гектардан агроаймақ құрып, 2027 жылға дейін 500 гектар жаңа жылыжай кешендерін жүзеге асыру жобасы әзірленіп, жүзеге асады.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру арқылы рентабельді дақылдарға алмастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл облыстың оңтүстік аймақтарында қосымша 2 мың гектарға дәндік жүгері, 1 мың гектарға бұршақты дақыл (маш) егіледі. Аталған дақылдарды өткізу нарықтарымен қамтамасыз ету үшін Шардара ауданында құны 26 млрд. теңгеге («Шардара-Агро» ЖШС) жүгері өңдейтін кәсіпорын ашылады. Бұл зауытта Түркия және Франция елдерінің технологиясымен жылына 100 мың тонна жүгері өңделеді. Мақта-тоқыма кластерін дамыту бағытында 2027 жылға дейін облыста 12 кәсіпорын ашып, мақта талшығының 100 пайызын терең өндеуден өткізу көзделген.