17 Тамыз 2026, 12:35 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Түркістанда 60 мыңнан астам оқушыға 50 мың теңгеден көмек беріледі

«Мектепке жол – 2026» акциясы аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға мектеп формасы, аяқ киім және оқу құралдарын алуға қаржылай немесе материалдық көмек беріледі.

Түркістан облысында биыл «Мектепке жол – 2026» республикалық акциясы аясында 60 770 оқушыға қолдау көрсету жоспарланып отыр. Әр балаға 50 851 теңгеден қарастырылған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Республикалық «Мектепке жол – 2026» акциясы 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін өтеді. Оның негізгі мақсаты – әлеуметтік жағдайына байланысты бірде-бір баланың жаңа оқу жылын мектепке қажетті заттарсыз бастамауын қамтамасыз ету.

Әкімдік хабарлағандай, акция аясында Жалпыға міндетті білім беру қорының қаражаты есебінен әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына мектеп формасын, аяқ киім және оқу құралдарын сатып алуға қаржылай немесе материалдық көмек көрсетіледі.

Көмек мына санаттағы балаларға беріледі:

  • атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына;
  • жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, бірақ атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардың балаларына;
  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
  • төтенше жағдай салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына;
  • білім беру ұйымдарының алқалы басқару органдары әлеуметтік қолдауды қажет етеді деп таныған өзге де оқушыларға.

Әр балаға көрсетілетін көмек оның нақты қажеттілігі мен өлшеміне қарай атаулы түрде беріледі.

Сонымен қатар демеушілер мен меценаттар тартылған жағдайда балалардың жеке деректері, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға ерекше мән беріледі.

Көмек алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер қажетті құжаттарды баласы білім алатын білім беру ұйымына белгіленген тәртіппен тапсыруы қажет.

Түркістан облысының білім басқармасы әлеуметтік қолдауды қажет ететін әрбір оқушының жаңа оқу жылына толық дайын болуын қамтамасыз ету жұмыстарын бақылауда ұстайды.