Түркістанда 500 орындық мектеп пен 250 орындық балабақша ашылды
Түркістан қаласында мереке күні 500 орындық мектеп 250 орындық мектеп-балабақша ашылды, деп хабарлайды Түркістан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Жаңадан ашылған білім ошағына Тілеу батыр Айтұлының есімі берілді. Мектеп қазіргі заманғы жабдықтармен жабдықталумен қатар оқушыларды сапалы оқытуға барлық жағдай жасалған.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Израильдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Эдвин Натан Ябо Глусман әлеуметтік ғимараттың салтанатты ашылу рәсіміне жиылғандарды құттықтап, мектеп ұжымына жемісті еңбек пен табыс тіледі.
Қазақ халқы «Білімдінің күні жарық» деп жатады, Сол айтпақшы, жаңадан бой көтерген заманауи мектептің ашылу рәсімі ұлттық мереке Республика күнімен сәйкес келіп отыр. Осында оқушылардың оқуына, спортпен шұғылдануына, шығармашылықпен шыңдалуы үшін барлық жағдай жасалған. Күні ертең осы білім беру ұйымынан білім алған жас өрендер еліміздің мақтан тұтатын азаматтарына айналады деп үміттенеміз, - деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Амангелдіұлы.
Өз кезегінде кәсіпкер Сәуле Меңдіғұллақызы білім беруден басқа мектеп үйірмелермен, атап айтқанда шахмат, би, таэквандо, сурет салу, домбыра, вокал, бассейнмен, тұз кенішімен, үш маусымдық ыстық тамақпен және көлік тасымалымен жабдықталғанын атап өтті. 500 балаға арналған білім ошағында елу қызметкер жұмыс істейді.
Сондай-ақ мереке күні Тілеу батыр атындағы 250 орындық балабақшаның да салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Мақсаты тәулік бойы жұмыс істейтін балабақша 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Балабақшаның ерекшелігі, мұнда бүлдіршіндердің денсаулығын бақылайтын бассейн, тұз шахтасы бар, сондай-ақ тұрғындардың игілігі үшін ашылған балабақша тегін қабылдайды.
Айта кетейік, бір мен бес жас арасындағы балаларды алатын мектеп-балабақша Кентау тас жолындағы №14 А мекенжайында орналасқан.