Түркістанда 46525 анаға бюджеттен мерекеге орай 277 млн теңге бөлінді
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл алда келе жатқан 8 наурыз қыз-келіншектер күні мерекесіне орай Түркістан өңіріндегі 46525 анаға қала мен ауданның қазынасынан 277 млн-нан аса теңгенің біржолғы материалдық көмегі көрсетілетін болады.
Бүгінде өңірде 160149 көпбалалы ана есепте тұрады. Олардың ішінде 2931 - Батыр ана, 15175 - Алтын алқа, 38922 - Күміс алқа орденінің иегері бар. Ал І және ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен 4599 ана марапатталған.
Киелі аймақтағы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас маманы Шолпан Абилдаева бұл көмектің арнайы ел Үкіметінің қаулысына сәйкес берілетінін атап өтті.
Әлеуметтік көмек көрсетудің және оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Үкіметтің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес беріледі. Осы жылы 8 наурыз мерекесі қарсаңында Түркістандағы алтын алқалы, күміс алқалы және сондай-ақ І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордені мен «Ардақты ана» атағын алған көпбалалы аналарға аудандық, қалалық бюджет есебінен 277894,0 мың теңгенің біржолғы материалдық көмегі берілетін болады. Жалпы санын қосқанда 46525 адамға жетті. Бұл бір адамға шаққанда 5834 теңгені құрайды, - деді Шолпан Сәрсенқызы.
Мерекеде аналарға тосынсый мұнымен шектелмейді. Атаулы күні салтанатты іс-шаралар да өткізу қолға алынып отыр. Мерекені өткізуге 26728,4 мың теңге бөлінеді. Оның 20 млн 888 мың теңгесі демеушілер есебінен жиналса, 560,0 мың теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінді. Жиналған қаражатқа әйелдерге арнап заттай түрде орамал, гүл шоқтары табыс етіледі. Оның 4455,4 мың теңгесі демеушілердің атынан жиналған қаржы. Оған сый-сыяпаттар алынбақ.
Аталған мерекеде демеушілер қолдаған 825,0 мың теңгеге дастархан жайылады. Өзіңіз білесіз, карантин талаптарына сәйкес іс-шара әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып жасалады. Мақсатымыз көпбалалы аналардың мерекеде көңіл-күйін көтеру, әлеуметтік қолдау, - деді бас маман.
Облыста 13 аудан және Арыс, Кентау, Түркістан қалалары бар.
Жалпы ең көп алтын алқа орденін таққан аналар саны Жетісай ауданында – 1954 көрсеткішпен көш бастап тұр.
Қазығұртта – 1701, Сарыағашта – 1505, Келесте – 1266, Кентау қаласында – 1010-ға жетіп отыр. Күміс алқадан да Жетісай ауданы 5968 анамен алда келеді.
Бұдан кейін Сарыағаш ауданы – 3513, Келес ауданы – 3458, Сайрам – 2858 ана күміс алқа иесі атанып отыр.
Айта кетейік, киелі өңірде барлығы 47 мыңға жуық анаға 304622 мың теңге көлемінде әлеуметтік қолдау ұйымдастырылады.