Түркістанда 2500 тонна халал желатин өндіріледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 35 миллион АҚШ долларының (15,5 миллиард теңге) «KazGelatine» инвестициялық жобасы Түркістан облысында іске асырылмақ. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев малайзиялық PNMB International бас директоры Ахмад Сязалимен кездесті. Әлемдегі желатин өндірісінің бастамашысы болып табылатын компания өнімі «Халал» стандартына сәйкес жұмыс істейді. Араб елдерінде үлкен сұранысқа ие. Малайзиялық компания жылына 2500 тонна желатин үгіндісін шығаратын, 750 мың ірі қара мен жылқының терісін өңдейтін өндіріс бастамашысы.Мен жобаңызды біздің облыста жүзеге асыруға ниет білдіргеніңіз үшін сізге ризашылығымды білдіргім келеді. Әкімдік атынан сіздердің кәсіптеріңізді сәтті іске қосу үшін бар күш - жігерімізді саламыз. Білуімше, сіздің өндірісіңіз елдегі халал желатиніне деген сұранысты толықтай жаба алады және ең бастысы, бұл Орталық Азиядағы жалғыз түрі болады, - деді облыс әкімі.
Айта кету керек, маңызды аминқышқылдарының көп мөлшерін қамтитын табиғи ақуыз көзі өндірісінің әлемдік индустриясында тек 2% - ы халал. Сондай-ақ, іске қосылатын өндіріс желатинді өндіруден бастап, оны кейіннен қайта өңдеумен, саудаға және басқа кәсіпорындарға жіберу үшін ораумен толық циклды қолдайтын кешен болмақ. Тамақ өнеркәсібінен басқа салаларда да өнімді тарату жоспарда бар.
Жобаның құны - 35 миллион АҚШ доллары (15,5 миллиард теңге). Өндіріс орны азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы (IOFS) келісіміне сәйкес жұмыс істейді. Индустриалды аймақтың инвесторына аумағы 8 га жер беріледі. Өндіріс іске қосылғанда 70 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Тауарды Қазақстан, Өзбекстан, БАӘ, Сауд Арабиясы мен Үндістан елдеріне экспорттау көзделген.
Қазақстан нарығында желатин өндірісі кенже қалған. Еліміздегі желатинді экспорттаушылар - Беларуссия, Ресей, Италия, Қытай және Бельгия мемлекеттері.