Түркістанда 2 тонна көже халыққа таратылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлыстың ұлы күні түркістандықтар Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Жергілікті жұрт алып Тайқазанда 2 тонна наурыз көже әзірлеп, халыққа таратты, деп жазды Хабар24.

Мамандар бұрын-соңды мұндай көлемдегі наурыз көже дайындалмағанын айтады. Ұлық мерекеде Түркістанға Отырардан шыққан көш-керуен де келді. Биыл түркістандықтар шектеу шараларына байланысты Наурыз мерекесін қала шетіндегі этноауылда атап өтті. 

Мұнда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қала тұрғындары мен қонақтары Ұлыстың ұлы күнін ерекше ықыласпен қарсы алды. Мереке Отырар-Түркістан «Наурыз» керуенін күтіп алудан басталды. Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Сәбит Әбдіхалықтың айтуынша, керуенде қолөнер шеберлері, өнерпаздар, оның ішінде домбыра жасайтын, ер-тоқым жасайтын, құрақ көрпе тігетін, неше түрлі қолөнер шеберлері өздерінің сый-сияпатын Түркістанға алып келе жатыр. 

Биыл мерейтойы атап өтіліп жатқан ғұлама ғалым Әл-Фараби, күш атасы Қажымұқан, ән патшасы Шәмші Қалдыаяқов, белгілі этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков сынды біртуар азаматтардың бейнесі сахналық қойылымдар арқылы жұртшылық назарына ұсынылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы