Түркістанда 19 мемлекеттің қолөнершілері бас қосты

Бүгін Түркістанда Әлемнің халықаралық қолөнер қалалары ұйымы (WCC International) президенті Саад әл-Қаддуми бастаған әлемге танымал қолөнер өкілдері мен қолөнер сарапшылары бас қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, келелі басқосуға 19 елдің 30-ға жуық қолөнершілері қатысты. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің бастамасымен ұйымдастырылған жиынның мақсаты – киелі шаһарға Халықаралық қолөнершілер қаласы мәртебесін беру.

Бүгінде Түркістанда құрамында 115 мүшесі бар «Turkistan Qol oner одағы» қоғамдық бірлестігі жұмыс жасайды. Қолөнершілерді қолдау мақсатында облыс орталығында «Қолөнершілер қалашығы» туристік кешені салынуда. Аталған орталықта арнайы көрме залы, шоурум бөлмелері саялы бақ, шығыс базары, мейрамханалар, қонақ үй, автотұрағы бар алып орталыққа айналады деп күтілуде. Кешеннің жалпы алаңы – 2,56 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Келген қонақтар аралауды Оқушылар сарайынан бастап, жас қолөнершілерінің жұмысымен танысты. Бабалар мұрасын жалғастыру мақсатында Түркістан қаласының балалар қолөнер мектебінде 475 оқушы шеберлік сырын меңгеріп, өнерлерін шыңдауда. «Шебер және шәкірт» бағдарламасы аясында жас шеберлердің қолөнер саласындағы дағдыларын дамытуға тәжірбиелі қолөнер шеберлері өз үлестерін қосып келеді, - делінген ақпаратта. ​

Шеберлер сондай-ақ, Қ.А Ясауи кесенесінде болып, тарихи жәдігерді аралады. Кесене құрылысының тарихына үңіліп, сәулетін тамашалады. «Turkistan Qol oner одағы» қоғамдық бірлестігінің шеберлері этно-ауыл кешенінде қолөнер туындыларының көрмесін ұсынды.

Қала әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов қонақтарға Түркістанның туристік әлеуеті мен мүмкіндіктерін баяндап, көрсеткіштерімен таныстырды.

2023 жылы қолөнер саласындағы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жергілікті қолөнершілердің тәжірибелерімен алмасу мақсатында Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Бірлестік мүшелерінен құралған деллегация Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласы мен Ферғана облысына барды. Сонымен қатар, қала қолөнершілері Әзербайжан Республикасының Шуша қаласында Халықаралық ТЮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен өткен салтанатты шараға қатысып, «Хары-бюльбюль» халықаралық фольклорлық фестивалінде көпшілікке қазақтың ұлттық тағамдары мен қолөнер шеберлерінің ең үздік бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі ұсынылды. Нәтижесінде қазақстандық делегация жоғары баға алып, түркі халқының ыстық ықыласына бөленіп келді, - деп хабарлады облыстық әкімдіктен.

Бұл іс-шараларға Қазақстанмен қатар, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, өзге де түркітілдес мемлекеттердің өкілдері қатысты.

2024 жыл - Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылы. Осыған орай, Бейжің қаласында ауқымды іс-шаралар мен форумдар өтті. Оған Қолөнер одағының төрайымы мен шеберлер арнайы қатысты. Халықаралық көрмеге Қолөнер одағының шеберлері мен шәкірттерінің қолөнерлері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, қызығушылығын арттырды.

Әлемнің халқаралық қолөнер қалалары ұйымының (WCC International) президенті Саад әл-Қаддуми түркістандық қолөнершілердің жұмысына таңданысын жасырмады. Саад мырза ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, Түркістанның өзіне тән ерекшелігі, қолөнершілердің қалыптасқан қолтаңбасы барын атап өтті.

Қала қонақтары рухани-мәдени орталықтағы туристік нысандарды аралап, өзгерістерге тәнті болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы