Түркістанда әкімшілік-іскерлік орталығында 17 нысан салынуда

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Түркістанда ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалық етуімен селекторлық режімде өткен жиында 2019-2020 жылдарға арналған Түркістан қаласын дамытудың кешенді жоспары мен дамуын және Түркістан аймағын 2024 жылға дейін әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарының жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Басқосуда Түркістан аймағын 2024 жылға дейін әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарлы жобасын іске асыруға баса назар аударылды.

«Қазіргі таңда Түркістан қаласы үлкен құрылыс алаңына айналып отыр. Бүгін бірнеше құрылыс нысандарында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстым, тиісті тапсырмалар берілді», - деді ҚР Премьер-министрі А.Мамин.

Бұдан кейін сөз алған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Елбасының Түркістан қаласын дамыту туралы тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Әкім баяндамасында 29 нысанның құрылысы өңірлер мен ұлттық компанияларға, бизнес өкілдеріне бекітілгенін айтты.

«Қазіргі таңда әкімшілік-іскерлік орталығында 17 нысан салынуда. Оның ішінде 10 нысанда құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Атап айтқанда, BI Group салып жатқан облыс әкімдігінің ғимараты, басқармалар ғимараты, департаменттер ғимараты,конгресс орталығы (Самұрық-Қазына), медиа орталығы (Алматы қаласы), Оқушылар сарайы (Самұрық-Қазына), стадион (Самұрық-Қазына), Астана алаңы (Астана қаласы), Халыққа қызмет көрсету орталығы (Павлодар облысы), қалалық саябақ (Алматы, Ақмола, Қарағанды облыстары). Тұрғын үй құрылысы бойынша әкімшілік-іскерлік орталығында жалпы 2351 пәтер, 135,6 мың шаршы метр, 52 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 660 пәтер маусым айында пайдалануға беріледі. 7-20-25 бағдарламасы аясында тамыз айында 336 пәтер пайдалануға беріледі. 540 пәтер желтоқсан айында, ал жеке инвесторлар арқылы 815 пәтер құрылысы жүргізілуде», - деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы.

Облыс әкімі баяндамасында 4 нысанда құрылыс жұмыстары баяу жүргізіліп жатқанын айта кетті. Олар музыкалық мектебі (Батыс Қазақстан облысы), жабық бассейні бар спорт кешені (Petroleum Operating), олимпиадалық резервтегі спорт мектебі (Солтүстік Қазақстан облысы), туризм бағытындағы колледж (Sembol Construction). Ал 2 нысанда құрылыс жұмыстары әлі басталмай отыр екен. Атап айтқанда, тұрғын үй кешені (Хайвилл) мен Қазпошта (Самұрық Қазына) ғимараты.

Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімі жиында 46 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын, аталған жобалар қыркүйек айында қолданысқа берілетінін жеткізді. Оның ішінде, 9 жоба құқық қорғау органдары, тұрғын үй кешендері 18 жоба, спорт 8 жоба, денсаулық сақтау 5 жоба, білім беру 4 жоба, мәдениет 2 жоба.

Баяндама соңында Түркістан облысының әкімі Үкімет басшысына Түркістан қаласының шығыс аумағынан жаңа айналма жолды қарастыру және әуежайға салынатын автомобиль жолынан «Кентау» индустриалды аумағына баратын жолдың құрылысына көмек беруін сұранды.

«Кентау қаласы аумағын индустриалды-өндірістік аймақ ретінде дамыту барысында Түркістан қаласының шығыс аумағынан шамамен ұзындығы 30 шақырым, құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны 15,0 млрд теңге болатын айналма жолды қарастыру туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ұсыныс жолданған болатын. Осыған қолдау қажет. Екіншіден, әуежайға баратын 15,2 шақырым жолдың техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Шаға ауылы тұсынан әуежайға салынатын автомобиль жолынан Қосқорған ауылы арқылы тікелей Кентау қаласындағы индустриалды аймаққа дейінгі жалпы ұзындығы 24 шақырымды құрайтын жол құрылысын жүргізу жоспарлануда. Бұл бағыт арқылы жүк көліктері Түркістан қаласы аумағына кірмей тікелей индустриалды аумаққа қатынайтын болады. Аталған жол құрылысы Түркістан облысының 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму кешенді жоспарына өзгеріс енгізу барысында қарастырылды. Жобаны қолдауыңызды сұраймын», - деді Ө.Шөкеев.

Жиын соңында ҚР Премьер-министрі А.Мамин құрылыс жұмыстарын қарқындатуды және шаруаны жоспар бойынша атқаруды тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы