Түркістанда 150-ден астам отбасыға азық-түлік себеттері үлестірілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласында аз қамтылған 150-ден астам отбасыға азық-түлік себеттері үлестірілді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Қасиетті Рамазан айындағы игі іске «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұжымы мен Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы бірлесіп ұйытқы болды.


Партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, жақсылыққа жаны құмар жандардың бұл әрекеті — көпке үлгі. Тағылымы мол іс-шара республикалық «Biz birgemiz» акциясы аясында өз жалғасын табуда.


Өңірдегі тұрмысы төмен жанұяларға азық-түлік себеттерін табыстауды дәстүрге айналдырдық. Әрине, қайырымдылық шарасын елдің алғысын алу үшін ұйымдастырып отырмыз. Бұдан бөлек, қаладағы саябақтарға көшет отырғызып, облыс орталығын жасыл қалаға айналдыруға атсалысып келеміз. Мақсатымыз - қаланың гүлденуіне үлесімізді қосып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын арттыруға көмек беру, - деді «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Дәурен Тәңірбергенов.


Тұрмысқа қажетті ас-суды таратуға «Jas Otan» жастар қанатының белсенді жастары мен еріктілер де жәрдем берді. 


Қайырымдылық шараның шарапатын көрген жандар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы