Түркістанда 100 Құран хатым дұғасы жасалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде бабалар рухына 100 Құран хатым дұғасы жасалды.
Игі іс-шараға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, елімізге танымал қарилар, облыс бас имамдары мен әр аймақтан келген жас қарилар қатысты.
Бүгінгі ізгі бастамаға ұйытқы болған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына алғысымды білдіремін. Киелі Түркістанды түлету баршамыздың ортақ ісіміз - деп атап өтті Өмірзақ Естайұлы.
Тарихи іс-шарада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құран хатымның маңыздылығы жайлы айтты.
Біз ата-бабасын ардақтаған, әулие-әмбиесіне лайықты құрмет көрсеткен халықпыз. Республикалық Құран байқауы қарсаңында қариларымыз жүз рет Құранды толық хатым етті. Бүгін осы оқыған қасиетті Құран аятын бабалар рухына бағыштап отырмыз. Хадис-шарифте: "Расында Алла Тағала (ізгі ұрпақтың дұғасымен) пенденің дәрежесін көтереді. Сонда пенде: "Бұл ненің себебінен?" деп сұрайды. Алла Тағала: "Сенің ұрпақтарыңның дұғасы себепті" деп жауап береді" делінген. Біздің жасаған дұғамыздың себебінен бабаларымыздың рухы пейіште шалқығай деп үміттенеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай - деді ол.
Бас мүфти бастаған дін қызметкерлері мен қарилар еліміздің игілігі мен болашағы үшін құрбан болған батырларымыз бен хан-сұлтандарымыздың, талай нәубетті замандарда репрессияға ұшыраған ата-бабаларымыздың рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштап, Жарылқау тіледі. Сонымен қатар тәуелсіз еліміздің ертеңі мен халқымыздың бірлігі мен амандығы үшін дұға жасады.
Айта кетсек, ертең Түркістан шаһарында Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан Х республикалық байқау басталады.