Түркістан облысында кәсіпкерлерге «қамқорлық көрсеткен» лауазымды тұлға ұсталды

Астана, baq.kz. Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық тексеру бөлімінің бас маманы сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін ұсталды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин мәлім етті.



Алдымен ол Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғасы пара алды деген күдікке ілінгенін жеткізді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Түркістан облысы бойынша департаментімен Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық тексеру бөлімінің бас маманы сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін күдіктелуде», - деді Арман Бердалин брифингте.

Оның айтуынша, лауазымды қызметкер 2018 жылдың 18 желтоқсанында сыртқы экономикалық қызметтің қатысушысына кедергісіз камералдық кедендік тексеру және оның кәсіпкерлік қызметіне жалпы қамқорлығы үшін 1 млн теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінген.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Естеріңізде болса, бұған дейін Астанада комитет төрағасы пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Сонымен қатар Ұлттық бюро ІІМ-де лауазымды қызметкерлер $24 900 көлемінде пара алғанын айтты.
Дәурен Ерболат
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы