Түркістан жасыл қалаға айналады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласында жасыл белдеу қалыптастыру мақсатында биыл 2400 гектар жерді игеру жоспарланып, жыл басынан бері қала маңындағы 1234 гектар жерге 769 мың түп көшет егілді. 

Сондай-ақ, жасыл белдеуді қажетті көшеттермен қамтамасыз ету мақсатында құрылған 300 гектар орман тұқымбағына 1 миллионнан аса түрлі көшет отырғызылды. Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Данияр Сейітов мәлімдеді.

Негізінен Түркістан қаласының Бас жоспарының жобасына сәйкес, қала айналасынан 7700 гектар аумаққа жасыл белдеу құру жоспарланған болатын. 2019 жылы 2300 гектар жер игеріліп, 1 млн-нан астам көшет отырғызылды. Қазіргі таңда қаланы жасыл аймаққа айналдыру бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда.

Түркістан қаласы - жазы ыстық, табиғаты құрғақ аймаққа жатады. Сондықтан, көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарына айрықша назар аудару керек. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жыл соңына дейін жоспардағы 2400 гектардың қалған 1166 гектарына 1 миллионнан астам әртүрлі көшет егу жұмыстары жүргізілуде. Өңіріміздің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында орман қоры жерлері мен елді мекендерде және Түркістан қаласының айналасында көшет еу, көгалдандыру жұмыстары, оларды қарау, браконьерлікпен күресу жұмыстары қатаң бақылауға алынып, жалғаса бермек - деді Данияр Асқарұлы.

Айта кетерлігі, мемлекеттік орман қоры жерлерінде браконьерлікті болдырмау мақсатында орман күзеті қызметкерлерімен 993 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 355 заң бұзушылық фактілері анықталды. Заң бұзушыларға 4 млн 629,4 мың теңге әкімшілік айыппұл салынып, оның 4 млн 604 мың теңгесі өндірілген.

Бұдан өзге, биыл облыс аумағында жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының саны 134, ал аңшылық алқаптардың саны 28-ге жетті. Бүгінгі күні табиғат пайдаланушыларына 23 су айдыны мен 25 аңшылық алқап бекітіліп берілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы