Түркістан: «Жаңа Қазақстанның Конституциялық өзгерістері» семинары өтті
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі, Бүгін рухани қала Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Жаңа Қазақстанның Конституциялық өзгерістері» атты тақырыпта семинар болып өтті.
Семинардың мақсаты – Ата заңымызға енгізілген өзгерістерді аталған оқу орнының оқытушылар құрамымен және студенттерге түсіндіру, реформаның маңыздылығын жеткізу.
Жиында алғашқы болып сөзді алған оқу орнының әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев республикамыздың референдумнан кейін жаңа тарихи сәтке аяқ басатынын, сол себепті барлық азаматтарды дұрыс шешім қабылдауға шақырды.
Вице-ректор өз сөзінде Қазақстанда 45 жасқа дейінгі азаматтардың дауыс беруге қатыспағанын атап өтті.
Референдум – халқымыз үшін өте ауқымды шара. Осы саяси реформаларды бірге құру үшін, болашағымыз жарқын, қадамымыз нық болу үшін Мемлекет басшысын қолдауымыз керек. Біз сонда ғана өзіміз қалаған Жаңа Қазақстанды құрып, келешегімізді айқындай аламыз», - деді Асқар Тұрғанбаев.
Семинар барысында заң ғылымдарының кандидаты, «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі Асхат Есеналиев ҚР Конституциясына енгізуге ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар жөнінде баяндамасында бірнеше баптарға тоқтала кетті.
Конституциямызға реформа жасау, уақыт талабы яғни, қоғамның сұранысы мен ұсынысынан туындап отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси реформаларды жүзеге асыру мақсаты, билік пен халықтың арасында диалог құру екені бәрімізге мәлім. Біздің қазір дұрыс таңдау жасауымыз ертеңгі күнге де жасаған игілігіміз, - деп атап өтті заң ғылымдарының кандидаты А.Есеналиев.
Конституциялық реформаларға арналған семинарда студенттер де өзіндік ой- пікірлерін ортаға тастады. Жиында түркістандық жастар референдумның өздеріне беріліп тұрған мүмкіндік екенін, сондай-ақ Ата заңға енгізілетін өзгерістер халықтың билікке араласуға көптеп жол аша түскендігін де айтты.
Жиын соңында қатысушылар сұрақ-жауап бөліміне ойысып, референдум бойынша өздерін қызықтырған сауалдарға жауаптар алды.