Түркістан: Тұрандықтар референдумда дауыс берді
Түркістан облысы. BAQ. KZ. тілшісі. Түркістан қаласы Мұстафа Шоқай атындағы №24 жалпы орта мектебіндегі №137 референдум учаскесінде де жергілікті қала тұрғындары дауыс беруде белсенділік танытты.
Аталған сайлау учаскесінің төрағасы Сұлтан Құрақбаевтың айтуынша, мұнда 2888 адам тіркелген, оның ішінде қазірге дейін 515 адам дауыс берген.
Әдеттегідей дауыс беру сағат 7:00-де бастала салысымен Тұран мөлтекауданының тұрғындары біртіндеп келе бастады. Балаларын жетектеп келіп жатқан жас отбасылардың көптігін байқадық. Халықтың ынталы әрекетінен Конституциядағы оң өзгерістерге қуанышты екенін байқауға болады. Бақылаушылар да өз жұмысын тиісті түрде атқарып жатыр, - деді учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Сұлтан Әленұлы.
Референдумдағы саяси өзгерістерді қолдауға келген ерлі-зайыпты Тұран мөлтекауданының тұрғындары Искаков Шерзод пен Малика референдумның маңызын түсініп, Президенттің саяси реформаларын қолдауға келген.
Біз Конституциядағы өзгерістермен танысып шықтық. Онда енгізілген түзетулер халықтың көңілінен шығып отыр. Ауыл тұрғынымен кездесуге келген партия және қоғамдық бірлестік ұйымдарының өкілдері бізге референдумның маңызын егжей-тегжей түсіндірген болатын. Қазақстанның болашағы гүлденіп, жасай берсін. Елімізде тыныштық пен татулық болсын, - деді ерлі-зайыпты Искаковтар.
№137 референдум учаскесінің бақылаушысы Бағила Қыстаубаева таңнан бері дауыс беру нәтижесі жақсы әрі әділ өтіп жатқанын, сонымен қатар әр екі сағат сайын Фейсбук әлеуметтік желісінде есеп беріп отырғанын жеткізді.