Түркістан: «Туған жер» жобасы аясында облыста 139 нысан пайдалануға берілген

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ел руханиятын көтеруде әр аймақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген іс-шараны жүзеге асырды. Биыл Түркістанның өз алдына бөлек облыс болып шыққанына төрт жыл толғалы отыр.

Аймақ тек экономикалық және әлеуметтік дамуды ғана қолға алмай, рухани үдерісті де барынша дамытып келеді. Қазірге дейін Түркістан облысы бойынша 17 арнайы жоба бойынша жұмыстар атқарылды. Солардың бір парасына жеке-жеке шолу жасап, тоқтала кетсек. 

Халық қашанда өзіне үлгі болатын тұлғаны, көшбасшыны қала берді алға қарап ұмтылатын замандас іздейді. Осы ретте «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген жеңімпаздар туралы «Оңтүстік озаттары» атты бейнебаян түсірілді. Бейнебаянға Түркістан облысынан шыққан белгілі айтыскер, ақын, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бекарыс Шойбеков, кәсіпкер Сырым Ертаев, жаттықтырушы, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Құралбай Орынбасар т.б. арқау етіп алынды. Сондай-ақ, жас ұрпаққа олардың есімдерін таныстырып, үлгі ету мақсатында облыстың орталық кітапханасында «100 жаңа есім – ел болашағының кепілі» атты  тақырыпта ақпараттық сағаттар өткізілді.

  Киелі Түркістан жерінде туристік мақсатпен келетіндер үшін арнайы барып тамашалайтын киелі орындар мен ғажайыпқа толы орындар жетерлік. Мыңжылдан бері қурап кетпей әлі күнге дейін жемісін беріп келе жатқан таңғажайып Тұт ағашы, шелекпен су тартып көретін тылсым Укаша ата құдығы, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, қасиетті Арыстан бабқа келушілерге волонтер жастар «Қазақстанның сакралды географиясы» атты жобаның негізінде гид қызметін көрсетті. 

Ғалым, әдебиеттанушы Қайым Мұхамедхановтың 105 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, педагог-ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай түрлі іс-шаралар өткізілді. Сондай-ақ Түркістанда аты аңызға айналған, даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолы туралы үш тілде кітап шығарылды. Қажымұқан турнирінің алдында Түркістанда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде кітаптың тұсаукесері өтті. Рухани іс-шаралар «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында ұйымдастырылған.

Ал «Дәстүр мен ғұрып» жобасы аясында «Түрлендірілген, гүлденген Түркістан» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Одан бөлек, бата беру, келіндер сайысы да дәстүр мен ғұрыпты жаңартуға үлес қосты. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында Сауран ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Киіз басу өнері көшпенділер мұрасы» іс-шарасында киіздің жасалу жолдарын жаңғыртып, ұрпақ есіне түсіруге тырысты. Киелі қаланың «Farab» кітапханасында да төл дәстүрді жаңғырту мақсатында «Тәуелсіз елдің анасы» атты ұлттық фестиваль өткізілді. «Сәлем саған, Түркістан!» фестивалінде Сауран, Отырар аудандарының, Түркістан және Кентау қалаларының спортшылары қатысты. Сайыста көкпар, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату жəне лəңгі тебу сынды ұлттық спорт түрлері де тыс қалған жоқ. Құсбегілер мен тазы баптаушылар да жиылған көпшілікке өз өнерлерін паш етті. 

Тағы бір қуанатын жайт, «Turkistan Media Holding» ЖШС «Рухани жаңғыру» бөлімінің басшысы Айдар Сейдазымның айтуынша, «Туған жер» арнайы жобасы шеңберінде облыста 139 нысан пайдалануға берілген. Атап айтсақ, алты спорт нысаны, бір мектептің жөндеу-құрылыс жұмысы, бір аллея, үш жазғы жаттығу алаңы және 128 басқа да нысан, оның ішінде 113 нысан салынып, 26-сы қайта жаңартылды. 

Мәселен Қазығұрт ауданының жастары үшін ауылдық жерде құны 4 миллион теңге болатын жаңа заманауи футбол алаңы салынды, Сарыағаш ауданы Көктерек кентінде құны 300 мың теңге болатын шағын футбол алаңына жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Шардара ауданы Қызылқұм ауылының 20 жылдық түлектерінің демеушілігімен ауыл мектебінің алдына құны үш миллион теңге болатын жазғы жаттығу алаңы салынды. Абай, Қайнар, Көктөбе, Қыземшек ауылдарына «Катко» қазақ-француз бірлескен кәсіпорны 104,0 миллион теңге сомасына балалар ойын алаңы және шағын футбол алаңын салып берген. 

Төлеби ауданының Сарқырама ауылына демеуші азаматтар қайтарымсыз негізде 1 млн 700 мың теңге болатын демалыс саябағын салып берсе, Ордабасы ауданының Қарақұм елді мекенінде ауыл жастары 10 миллион теңгеге заманауи үлгідегі спорт кешенінің ескі ғимаратын тегін жөндеуден өткізіп берді.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Түлкібас ауданының кәсіпкері Шақпақ баба ауылының жастарына шағын футбол алаңын сыйға тартты. Арыс қаласының 65 жылдығына орай Арыс қаласының тумасы, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының бюстін орнатуға мұрындық болды. «Ауылыма кітап» акциясы барысында Түркістан облысының Рухани жаңғыру жобалық кеңсесі мен Халықаралық қазақ-түрік университетінің кітапханасы Ордабасы, Сауран, Отырар аудандарының ауылдық кітапханаларында кітап тарату іс-шарасын өткізді. 

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Түркістан облысы Созақ ауданы Шолаққорған ауылында Сұлтанбек Қожанов атындағы өлкетану музейі пайдалануға берілді. Бүгінге дейін ескі және кішігірім ғимаратта орналасқан музей қазір жаңа, үлкен ғимаратта халыққа қызмет етеді. Музейде тарихи мұраны сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда орта ғасыр экспонаттары, Қазан төңкерісіне дейінгі жергілікті халықтың тұтынған заттары, балбал тастар, жергілікті күйлердің, ақындар мен жазушылардың, спортшылардың бағалы заттары, Төлеген Момбековтың, Дина Нұрпейісованың қара домбырасы, ел Тәуелсіздігінің мұрасы, аудан тарихы ұсынылған.  Қазіргі уақытта музей қорында 2700-ден астам экспонат сақтаулы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін алдағы екі жылда құнды жәдігерлер санын 5000-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

«Ұлы Даланың ежелгі өнері және технологиялар музейі» арнайы жобасы бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Халықаралық мұражайлар күніне орай Қожа Ахмет Ясауи қабірінің алдына ортағасырлық аспалы шам қойылып, «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» көрмесі өткізілді. Созақ аудандық орталық кітапханасында «Парасат жолы» атты ауданның тарихы мен мәдени мұрасына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты – тарихи мұраны насихаттау, құрметтеу, оны болашақ ұрпаққа қалдырып, аманаттау, сондай-ақ осы бағытта өткізілетін мәселелер бойынша мазмұнды түсініктемелер мен пікірлер алмасу. 

Түркістан аймағында білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау нысандары жаңартылып, жөнделуде. Ауыз су, жарық, табиғи газ, көлік инфрақұрылымы және жылумен жабдықтау салаларында құрылыс, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарының бәрі де «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында қарқынды жүргізілуде. 

Жалпы оңтүстік өңірде өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша бюджеттен 302 жобаны жүзеге асыру үшін 16,1 млрд теңге бөлінді. Атап айтқанда, бір дәрігерлік амбулатория салынды, төрт денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеумен қамтылды. Жоспарға сәйкес екі спорт нысаны, екі мәдениет нысаны, 15 табиғи газбен қамтамасыз ету нысаны және 13 электрмен жабдықтау нысаны салынып жатыр. 

Соңғы жылдары кино саласы бойынша да киелі аймақта көптеген туындылар дүниеге келді. «Тарихтың кино өнері мен теледидардағы көрінісі» жобасының ұйытқы болуымен «Түркістан құпиялары» сюжеттік-деректі фильмі түсірілді. Деректі фильм арқылы жастар көне Түркістан қаласын жаңа қырынан танып, жақсы пікірлер қалдырды. Сондай-ақ, «Оңтүстікфильм» түсірген «Күш атасы – Қажымұқан», «Ордабасы – бірлік туы» анимациялық фильмдері де көрермендердің жылы ықыласына бөленіп үлгерді. Облыстың мектеп оқушылары Түркістанда түсірілген балуан, сондай-ақ тарих туралы баяндайтын «Әл Фараби» телесериалын сүйсіне тамашалады. 

«Еңбек – елдің мұраты» арнайы жобасы аясында Ордабасы ауданында он түрлі салада жетістікке жеткен жастармен, тұлғалармен кездесу үшін дөңгелек үстел өткізілді.

Өңірдің Рухани жаңғыру кеңсесінде «Қажырлы еңбек – табыс кілті» электронды флаерлерін әзірлеу бойынша жобаның жеңімпазы Сарыағаш ауданының кәсіпкері Қанатбек Сәбденбеков институт атынан жіберілген Алғыс хатпен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Еңбек адамы – мемлекеттің тірегі.  Жоба аясында облыс жастарына жұмысшы мамандықтар кеңінен дәріптелді.

«Үнем – қоғам қуаты» арнайы жобасы бойынша «Түркістан – таза қала» тақырыбында тазалық жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар Түркістан қаласындағы Қазыбек би көшесінде тазалық жұмыстарын жүргізе отырып, қала тұрғындарын тазалыққа шақырды және түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

«Құқықтық мәдениет» арнайы жобасы аясында Кентау қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Ә.Молдағұлова атындағы №9 мектеп лицей базасында аталған мектеп және №1, №10 жалпы орта мектептердің бірлесуімен «Құқықтық сана – қауымға пана» жобасы аясында «Құқықтық мәдениет – бала қауіпсіздігінің кепілі» тақырыбында қалалық семинар өтті. Түркістан қалалық №3 кітапхана филиалының ұйымдастыруымен «Парасат жолы» жобасы аясында «Адалдық пен әділдік» атты сыр сұхбат №27 Ө.Жәнібеков атындағы ІТ мектеп-лицей оқушылары арасында болып өтті. Мақсаты – оқырмандарға адам бойындағы адалдық, әділдік, шыншылдық сезімдерін ұғындыру, адами қасиеттердің өмірдегі маңызын түсіндіру болды. 

Естеріңізге сала кетейік, жақында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында «Туған елің – Қазақстанды жақсы білесің бе?» атты республикалық балалар оқулары байқауы өтті. 

Өңірлік деңгейде 70 оқушы яғни 14 команда қатысты. Үшінші орынды Түркістан қаласы Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясының «Тұран» командасы иеленді. Нәтижесінде «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» мен «Shugylakitap» баспасы тарту еткен 576 дана кітап Түркістан облысының қалалары мен аудандарының білім беру бөлімдеріне салтанатты түрде табыс етілді, - деді Қоғамдық даму басқармасы «Ақпараттық талдау орталығының» маманы Мөлдір Бекеева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы