Түркістан: Шардарада тігін цехы ашылды
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықтың әлеуметтік осал топтарына және жастарға жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы әлеуметтік жағдайын көтеру бойынша тапсырма берген болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл бағытта көршілес елмен тәжірибе алмасу жұмыстары да жүріп жатыр.
Осы тапсырмаға сәйкес, Шардара ауданында пилоттық жоба ретінде әлеуметтік осал топтағы, аз қамтамасыз етiлген отбасыларды, көпбалалы отбасыларды, 29 жасқа дейiнгi жастарды және 55-тен асқан зейнет жасына дейінгі адамдарды кәсіби оқытып, жұмыспен қамту мақсатында Алатау батыр ауылдық окрiгiнен «Шебер» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі 50 адамды жұмыспен қамтитын тігін цехын ашты.
Өндіріс орнының ашылу салтанатына арнайы барған аудан әкімі Қайрат Жолдыбай цехтың жұмысымен танысып, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ өндіріс басшылығына алғыс хат тапсырды. «Шебер» тігін цехының басшысы Омар Әсенұлы өз қолдауын білдірген аудан басшысына алғысын айтып, өндіріс орнына 200-ден астам адамды жұмысқа тартуға ниетті екенін атап өтті.
Алдағы уақытта цехты кеңейтіп, құрылысын салуға 200 млн теңге және цехті құрал жабдықтарын қамтамасыз етуге 150 млн теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Сондай-ақ 2023 жылы тігін цехының негiзiнде тігін кластерін ұйымдастыру көзделіп отыр. Оған қоса «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық шағын несиемен және 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттарды беру арқылы 190 адамды жұмыспен қамту межеленген.
Бұдан бөлек Жаушықұм ауылдық округінен құс өсіру бағытында аз қамтамасыз етiлген отбасыларды, көпбалалы отбасыларды, 29 жасқа дейінгі жастарды және елу бес жастан асқан зейнет жасына дейiнгi 55 адамды кәсіби оқытып, жұмыспен қамту жоспарланған.
Өндіріс орны аяқкиім, киім-кешек және тапсырысқа сәйкес кез келген тауарды тігумен айналысады. Қазақстан бойынша көптеген облыстарды арнайы әскери киім-кешекпен қамтып отырмыз. Бізге Түркия елінен тәжірибелі мамандар келіп, тәжірибе алмасуда. Қазір жұмыспен қамтылып жатқан жаңа тігіншілерді оқытып, тәжірибелі маманға айналуына да ықпал жасаудамыз. Алдағы уақытта Шардара ауданының бірнеше жерінен цех ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді Омар Әсенұлы.