Түркістан қаласының әкімдігі 53 миллион теңгеге мобильді қосымша жасатқан
Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты мониторинг және жедел әрекет ету орталығы 53 миллион теңгеге мобильді қосымша жасауға тапсырыс берген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылдың тамыз айында мемлекеттік сатып алу порталында "TazaKala" мобильді қосымшасының ақпараттық жүйесін қолдау және техникалық қызмет көрсету жарияланған. Жоба құны 53 миллиондық тендерды "ITurkistan Life" ЖШС компаниясы тікелей бір көзден беру тәсілі арқылы жеңіп алған. Жобаның техникалық ерекшелігінде "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылып жатқанын көрсеткен.
Сондай-ақ, мобильді қосымшаны жүктеу, онда тіркеуден өту және өтінішті қалдыру 2 минуттан аспауы керек деп бекітілген. Мобильді қосымшаның нарықтағы бағасын саралау мақсатында IT маманы Ғасыр Құралбайға техникалық ерекшелігін көрсетіп, дәл осындай жобаны қаншаға жасайтынын сұрап көрдік.
Дәл осы қосымшаны 5000$ (2,5 млн теңгеге) жасауға болады. Маған жүктелсе, осы ақшаға жасап берер едім. Ал 53 млн-ға қоқыс тазалайтын 5 техника алған әлдеқайда тиімдірек еді, - дейді IT маманы.
53 миллиондық жобаны тікелей бір көзден алған компания басшысы – Жайық Орманов. Негізгі құрылтайшысы – Ғасыр Орманов.
Компания небәрі 2024 жылдың 27 маусымында тіркелген. Ал мемлекеттік сатып алу порталындағы мобильді қосымшаға сұраныс 2024 жылдың тамыз айында жарияланған. Айта кетейік, тапсырыс орындалып, қала әкімдігіне өткізілген.