Түркістан полицейлері бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар күдіктілерді құрықтады

Түркістан полицейлері пәтер ұрлығының 10 дерегіне қатысы бар күдіктілерді құрықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап. 

Түркістан қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі арызданды. Ер адамның айтуынша, белгісіз біреулер оның үйіне кіріп, ақша, алтын бұйымдар, парфюмерия мен қол сағатын ұрлап кеткен. 

Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі жарты миллион теңгеден асты. Осындай шағыммен полицияға тағы бірнеше жәбірленушілер жүгінді. Олардан ұрылар құнды заттарды жымқырған. Аталмыш пәтер ұрлығын ашу мақсатында Түркістан қаласы ПБ-да тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. 

Тәртіп сақшылары ауланы аралап, ықтимал куәгерлерден сұрастырып, бейнебақылау камераларын мұқият тексерді. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұрлық жасаған күдіктілерді ұстады. Сезікті екі адам Түркістан қаласының тұрғындары болып шықты.

Белгілі болғандай, күдіктілер жәбірленушілердің үйлерінде ешкім жоқ екеніне көз жеткізіп, терезе арқылы кіріп, кез-келген құнды заттарды, техниканы, алтын бұйымдар мен ақшаны қолды еткен. 

Содан кейін ұрланған бөтеннің мүлкінің бір бөлігін ломбардқа өткізіп, ал ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Тергеу барысында жас жігіттердің жалпы көлемі 2 миллион теңгеден асатын 10 дерек пәтер ұрлығына қатысы бар екені анықталды.

  Қазіргі уақытта осы жайттар бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Полицейлер күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтап жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Polisia.kz
Өзгелердің жаңалығы