Түркістан полицейлері танысының есепшотынан ақша жымқырған бойжеткенді ұстады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданып келеді. Оның айтуынша ұялы телефонын белгісіз біреу қолданып, ішіндегі банк қосымшасынан 70 000 теңгені жымқырған.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеп, іздестіру жұмыстарын бастады. Сарыағаштық полицейлер қылмысты ашу үшін ұялы телефоннан ақшаның қайда аударылғанын іздейді. Тәртіп сақшылары тәулік ішінде күдікті ретінде танылған бойжеткенді анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Белгілі болғандай күдікті бойжеткен жәбірленушімен бірге тұратын тұрғын болып шықты. Полицейлер күдікті азаматшаның сөреде тұрған ұялы телефонын көріп, ішіндегі банк есепшотынан қарыз болған құрбыларына аударым жасағанын анықтады. Өз арам ойын жүзеге асырған бойжеткен қылмысын жасыру үшін ізін суытқан.
Бүгінгі таңда полиция бөліміне жеткізілген күдікті азаматша өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Полицейлер оның басқа да қылмыстарға қатысы бар жоғын анықтап, тергеу амалдарын жалғастыруда. Күдіктінің бас шарасы қолхатта.
Түркістан облысының полицейлері өз ұялы телефоныңызбен банк есепшоттарыңызға сенімді құпия сөз орнатуға кеңес береді