Түркістан: Орталық Азия мемлекеттерінің парламентаралық форумы ынтымақтастықты нығайтуды көздейді

Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы өтіп жатыр. Ауқымды іс-шараға аймақтағы елдер Парламент Палаталарының делегациялары қатысады, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Екі күнге жалғасатын Форумда парламентаралық қатынастарды кеңейтудің басым бағыттарын және біртұтас рухани-мәдени кеңістікті дамытудың өзекті мәселелерін талқылайды.

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынасты әрі қарай нығайту үшін осындай кездесулердің маңызы зор екенін және әр аймақтағы мемлекет басшыларының байланысы жоғары деңгейде екенін айтып өтті. Сондай-ақ өзара ынтымақтастықты жан-жақты және белсенді дамытуға Парламент өкілдері де өз үлестерін қосуы керектігін жеткізді.

Форумға қатысып жатқан қырғыз, өзбек, тәжік және түрікмен делегацияларын тиісінше Қырғызстан Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шакиев, Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева, Тәжікстан Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли Төрағасы Махмадтоир Зокирзода және Түрікменстан Меджлисінің Төрағасы Гурбанмурат Ашыров бастап келді.

Іс-шара кезінде депутаттар Орталық Азия елдерінің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын нығайту мәселесін және Парламенттердің осы үдерістегі рөлін талқылайды. Сонымен қатар форумға қатысушылар ортақ тарихи-рухани мұраға негізделген мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту барысына назар аударады.

Форумның қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданады. Құжатта экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және өзіндік бірегейлігімен ерекшеленетін Орталық Азияның біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыруға арналған парламентаралық қатынастарды одан әрі дамыту перспективалары көрсетіледі.

Айта кетейік, аталған Парламентаралық форумды өткізу туралы шешім былтыр шілде айында өткен Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінде қабылданды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Түркістан әкімдігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы