Түркістан өңірі "Республика күнін" ерекше форматта атап өтті

Түркістан өңірі үшін "Республика күні" жай ғана мемлекеттік мереке емес, рухы мен тарихы тоғысқан қос қуаныштың айрықша сәті. Себебі бұл күн қасиетті Түркістан қаласының қала күнімен тұспа-тұс келеді. Сондықтан, түркістандықтар бұл мерекені жыл сайын ерекше ықыласпен, кең көлемде атап өтуді дәстүрге айналдырған. Биыл да сол үрдіс үзілген жоқ. Күн суыта бастаған қазан айының соңында өңірдің әр ауданында елдік мерекеге арналған түрлі мәдени, спорттық және агро жәрмеңкелер өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аптаның алғашқы жағымды жаңалығы – Түркістан қаласында жаңа заманауи спорт кешенінің пайдалануға берілуі болды. Құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған нысан күрес пен бокс үйірмелеріне арналған кең әрі жарық залдармен жабдықталған. Заманауи құралдармен қамтылған бұл орталықта енді жастар кәсіби деңгейде жаттығып, үлкен спорттық жетістіктерге жол ашады. Одан бөлек, облыс орталығындағы тағы бір жағымды жаңалық – балалар мен жасөспірімдерге арналған Өнер орталығының ашылуы болды. Алдағы уақытта жаңа ғимаратта 36 түрлі үйірме жұмыс істейді. Мұнда робототехникадан бастап, би мен қолөнерге дейінгі бағыттар қамтылған. Қазірдің өзінде мұнда 1 460 бала қосымша білім алып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап жүр.

Одан кейінгі қуанышты жаңалық Сауран ауданынан жетті. Мұнда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа білім ордасы бой көтерді. 600 орындық №5 жалпы орта мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды қос мерекемен құттықтады.Үш қабатты жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған екен. Мұнда асхана, кітапхана, спорт және акт залдары, шеберханалар мен медициналық пункт қарастырылған. Қазіргі таңда Сауран ауданында 24 мыңнан астам оқушы білім алуда.

Ал Шардарада әлеуметтік сала қызметкерлеріне жаңа пәтер кілті табысталды. Республика күні қарсаңында ауданның алты маманы жаңа қызметтік тұрғын үйге қоныстанды. Жаңа пәтер иелері қатарында дәрігерлер мен жас мамандар бар. Мәселен, жаңа баспанаға ие болғандардың бірі – Шолпан Әмірова. Ол Алматы қаласынан ата-анасымен бірге Шардараға қоныс аударып, аудандық орталық ауруханада онколог дәрігер болып еңбек етуде. Ал тағы бір жас маман – Жансұлу Жұмаділла, Арыс қаласынан келген. 2018 жылдан бері түрлі өңірлерде жалпы тәжірибелік дәрігер болып қызмет еткен ол бүгінде Шардара аудандық орталық ауруханасында ел саулығына үлес қосып жүр.

Одан бөлек, дәл республика күні қарсаңында Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылында заманауи спорт кешенінің ашылу рәсімі өтті. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған нысан барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған екен. Жаңа ғимарат бір мезетте 100-ден астам адамды қабылдай алады, сондай-ақ, волейбол, баскетбол, бокс, күрес және үстел теннисімен айналысуға мүмкіндік бар.

Мерекелік аптаның ең жарқын сәттерінің бірі – Turkistan Marathon 2025 халықаралық додасы болды. 3 мыңнан астам әуесқой және кәсіби спортшы Түркістан көшелерімен жүгірді. Қатысушылардың төрт жүзге жуығы шетелдік спортшылар, бұл өз алдына рекордтық көрсеткіш болды. Желаяқтар додасындағы ең жасы үлкен қатысушы 91 жаста болған. Сондай-ақ, биылғы жарыс алғаш рет Turkic Alliance of Long Runs (TAN) құрамына еніп, түркі мемлекеттерінің спортшылары Түркістан төрінде бас қосты. Бұл марафон мереке қарсаңында ұйымдастырылған шаралардың ең соңғысы әрі ең әсерлісі болып, рух пен спортты ұлықтаудың ерекше үлгісіне айналды.

Бір апта бойы жалғасқан мерекелік шаралар тек ұлттық рух пен елдік мерейді көтеріп қана қоймай, Түркістан облысының динамикалық дамуын айқын көрсетті. Жаңа мектептер, мәдени орталықтар, спорт кешендері мен әлеуметтік жобалар – барлығы да болашаққа жасалған сенімді инвестиция. Биыл Түркістан «Республикасы күнін» мазмұнды да мәнді түрде, жаңарған өңірдің жаңа келбетін айшықтай отырып аталып өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы