Түркістан облысының тұрғыны ауласына марихуана еккен
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері есірткі егілген ауланы тауып, күдіктіні ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
Нақтырақ айтсақ, полиция бөліміне жергілікті тұрғынның үйінде есірткі затын өсіруі мүмкін екендігі жөнінде хабарлама түседі. Ақпарат алысымен, Түркістан облысы ПД ЕҚҚІҚБ-ның және Жетісай ауданы ПБ-ның қызметкерлері бірлесіп, күдіктіні анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Қабылданған шаралар нәтижесінде, полиция қызметкерлері тұрғын үйінің ауласында заңсыз, өсіруге тыйым салынған, құрамында есірткі заттары бар 13 түп жасыл түсті, хош иісті өсімдікті тапты. Сараптама тағайындалды.
Қорытындыға сәйкес, алынған түптер 70 граммға жуық марихуана болып шықты. Аталған жайт СДТТБТ-не енгізіліп, ҚР ҚК-нің 300-бабы («Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді ірі мөлшерде заңсыз егіп-өсіру») бойынша тіркелді. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхатпен босатылды.