Түркістан облысының шаруалары күрішті Ауғанстанға экспорттап жатыр
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі жылдан-жылға артып келеді. Биылғы тоғыз айда 13 мың тонна ет, мың тонна көкөніс сыртқа саудаланған, деп хабарлайды BAQ.KZ Қазақстан телеарнасына сілтеме жасап.
Өңірдегі күріш егетін жалғыз шаруашылық ақмаржанның ерекше сұрпын өсіріп, көрші елдерге экспорттауда. Жыл өткен сайын ағын судан таршылық көрген диқандардың өзге де дақылдарды өсіруге бет бұрғанына бірнеше жыл болды. Дені қауын-қарбыз ексе, енді бірі мақта өсіруде. Биылғы күз егіншілікке қолайлы және ағын су жеткілікті болғандықтан, қырман берекелі. Күріштің өнімділігі де сату құны да жоғары.
Соңғы жылдары суды аз қажет ететін дақылдар бойынша барынша алқапты азайтып, биылғы 2022 жылы жалғыз бір ғана қожалық екті 600 гектар. Жалпы өнімділігі жаман емес, әрбәр гектар алқаптан 79-80 центнерден түсім түсіп жатыр. Яғни 4800 тоннадан астам дәні қамбаға түскен жайы бар,- дейді Шардара аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Әлімқұлов.
Қазір облыс бойынша күріш өсіретін Шардарадағы жалғыз шаруашылық егістіктен мол өнім жинап алды. Дайын өнім қамбаларға жеткізіліп, өңделуде. Шаруашылықтың арнайы цехында тәулігіне 20 тоннаға дейін күріш шығарылады.
«Егемен» мен «Лазер» егетін едік. Енді биыл «Лидер» деген қостық. «Лидер»-дің өзі болады екен біздің жерлерімізге. Бұл енді жылдық өнімімізді кемінде 10-11 айға шейін өңдеп, халыққа сатамыз,- дейді цех меңгерушісі Нұржан Ақназаров.
Мұнда ауылдың 30-ға тарта тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар ақ маржанды тазалап, қаптайды. Ал, тапсырыс бергендер жүк көліктерін жіберіп, өздері алып кетеді.
Осы зауыт құрылғалы істеп жатырмыз. Жұмыс тұрақты. Жыл он екі ай істеп жатырмыз. Айлығымыз әйтеуір жеткілікті. 150-180-нің арасы, -дейді жұмысшы Мадияр Қожасов.
Дайын өнім көрші Өзбекстан мен Қырғызстанға, Ауғанстанға экспортталады. Еліміздің ірі қалалары Алматы, Астана, Қарағанды мен Шымкент қалаларына тасымалданады. Сұраныс көп болған соң, өнім сапасын жақсартуға күш салып жатырмыз, дейді диқандар. Бүгінде кәсіпорынға жаңа қондырғылар орнатылып, күріштің сорттары көбейген. Енді дақыл еуропалық талапқа сай өндірілмек.