Түркістан полицейлері жүк көліктерімен құбыр ұрлаған күдіктілерді ұстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Созақ аудандық полиция бөліміне түнгі уақытта аудандағы күзет қызметінің қызметкері хабарласып, ұрлық болғанын хабарлаған. 

Хабарламаны алған полицейлер тез арада  арнайы экипажбен қылмыс болған жерге барған. 

Аудандық жекеменшік кәсіпорынға тиесілі нысанды тексеру кезінде ол жерден 56 дана темір құбырлар мен 150 метр темір арқандардың ұрланғандығын анықтайды. 

Қар борап, ауа райының қолайсыздығына байланысты және аталған орында бейнебақылау камерасының жоқтығынан күдіктілердің ізіне түсу біраз қиындық туғызған. Полицейлер нысанның аумағын қарап, қызметтік көліктермен ауданға кіреберіс пен шығаберістегі көліктерді тексерді. 

Нәтижесінде 5 сағаттан соң полиция қызметкерлері 2 «УАЗ» маркалы және 1 «КАМАЗ» жүккөліктеріне ұрланған құбырларды тиеп кетіп бара жатқан 2 күдікті мен 3 сатып алушы азаматты ұстайды. Олардың біреуі Шымкент қаласының және 4-еуі Созақ ауданының жергілікті тұрғындары.  

Белгілі болғандай олар түнгі уақытта өзара келісіп, аталған нысаннан темір құбырлар мен арқандарды тиеп алған. Кейін алдын ала келіскен сатып алушыларға өткізбекші болған. 

Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Шығын көлемі анықталуда. Полицейлер ұсталғандардың тағы да басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.  Ал тәркіленген айғақты заттар қылмыстық іске тіркеліп, заңды иесіне қолхат арқылы қайтарылды.    

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы