Түркістан облысының полицейлері жоғалған балаларды тапты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, 10 жастағы қызы мен 9 жасар ұлын таппай қалғанын, енді бар үміті полицейлерде екенін айтып, жәрдем сұраған.
Екі кештің арасында Бәйдібек ауданындағы отбасылардың бірінің екі бірдей балалары жоғалғанын білген тәртіп сақшылары, бірден әрекетке көшті. Жоғалғандар кәмелетке толмаған балалар болғанына байланысты жеке құрам толық жиналып, топ-топқа бөлініп, іздестірді.
Куәгерлерден сұрастырды, көше-көшені, әрбір үйді ретімен мұқият қарап шықты. Бір сағатқа созылған полицейлердің іздестіруі оң нәтиже берді. Белгілі болғандай, балалар көршілерінің бірінің үйінде ойнап отырған. Осылайша полицейлер, балақайларды отбасына аман-есен қайтарды.
Балалардың анасы тәртіп сақшыларына шынайы ризашылығын жеткізді.
Қараңғы түскен уақытта балаларымды таппай қалдым. Қазіргі кезде қоғамымызда түрлі жағдайлар орын алып жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Қатты қорықтым, бірдеңе боп қалды ма деп?! Десек те, полицейлер жарады. Екі баламды да аман-есен тауып берді. Өзімде іздедім, бірақ таба алмадым. Ал, полицейлер қысқа уақыт ішінде перзенттеріммен қауыштырды. Жұмыстарына табыс тілеймін!,-деді балалардың анасы.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға кішкентай ұл-қыздарыңызға абай болып, оларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.