Түркістан облысының диқандары 28 гектар алқапқа қауын екті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жетісайлық диқандар ақпан айының соңында қауын егуді бастады, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 Ынтымақ ауылдық округінде орналасқан шаруа қожалығы бүгінгі таңға дейін 28 гектарға қауынның ерте пісетін «Аэропорт» сортын еккен. Одан бөлек 30 гектарға қырыққабат отырғызды.

Он жылдан бері осы диқаншылықпен айналысамыз. Негізгі күн көрісіміз – осы. Мұнда қазір 100 адам жұмыс істеп жатыр, жұмысшыларға күніне 3500 теңгеден еңбекақысын төлеп отырмыз.  3 айдың көлемінде еккен егініміз пісіп, жетіледі. Егілген көшеттің үстін жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек, – деді шаруашылық төрағасы Жұлдызхан Нұрмахан.

Жалпы Жетісай ауданы бойынша 78500 гектар аумаққа егіс егіледі. Биыл соның 48 мың гектарына мақта егу жоспарланған. Былтыр Жетісай ауданы бойынша 21 мың гектарға бақша дақылдары егіліп, тиісінше одан 600 мың тонна өнім алынған.

Қазіргі таңда шаруаларға көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 7 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағар май бөлінді. Алдағы уақытта шаруаларға берілетін болады, – дейді Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Нұртас Тұрсынбеков.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы