Түркістан облысының әкімі қара жамылған әулетке барды

Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданында қайғылы жағдайға ұшыраған әулетке арнайы барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінен мәлім еткендей, әкім Сырдария өзенінде болған оқыс оқиға салдарынан қайғы жамылған әулеттің ата-анасына, ет жақындарына көңіл айтты. Қайғыларына ортақтасып, Құранға қатысты. Тиісті көмек көрсетіп, қажеттілігінше қолдау ұйымдастыру жүргізілетіндігін жеткізді.

Отырар ауданында бір әулеттен шыққан 4 отбасының мүшесі дарияға демалуға келіп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Бүгінде суған батқан 11 адамның 9-ы табылып, жаназасы шығарылып, жер қойнына тапсырылды. Оқыс оқиғаға орай Төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел штаб құрылып, құтқарушылар, аудан әкімдігі мен орман шаруашылығы және еріктілер жолданып, бірден іздестіру шараларына кірісті. Мәселе облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының тікелей бақылауына алынып, тиісті үйлестіру жұмыстарын жүргізді.

Аталған жерде болып, тиісті көмектер ұйымдастырылды. Іздестіру шараларына жалпы 150 бригада, 16 техника, 6 жүзу құралы жұмылдырылды.

Құтқарушылар мен еріктілер тұрғындарға жаз бойы бұл жерге суға түсуге болмайтыны жайлы жан-жақты ескерту жүргізген. Анықталғандай, мұндай түсіндіру жұмыстарына дәл осы әулет те қатысқан. Алайда рұқсат етілмеген орында шомылудың зардабы мен сақтық шараларын ескермеудің салдары осындай жағдайға ұласып отыр.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы