Түркістан облысының әкімі ауыл аралап жүр

Келес ауданындағы есептік кездесуден кейін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауылдарды аралап, халықты толғандырған мәселелерді сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оларды заң аясында шешу жолдарын түсіндірді. Абай ауылы мен Жамбыл және Ақтөбе елді мекендерінің тұрғындарымен кездесіп, ауыл тұрғындарының талап-тілегін тыңдады. Аймақ басшысы тұрғындардың көтерген мәселелерінің назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Облыс әкімі ауылдврды дамытуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, ауылға жастарды тұрақтандыруға көп көңіл бөліп отыр. Әкім ауыл тұрғындарының бірқатар мәселесін көп күттірмей, шешіп берді. Дархан Сатыбалдының қатысуымен Келес ауданы, Жамбыл ауылының тұрғындарымен тілдесті.

Өңірде қолға алынып жатқан жаңа жобалар жайлы айтып берді. Тұрғындар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Инфрақұрылым, жұмыс орындары және кәсіпкерлерге көмек туралы айтылды. Саябақ салу туралы айтты. Облыс әкімі тұрғындар көтерген барлық мәселе жіті назарда болатындығын жеткізді.

Істеліп жатқан жұмыстардың барлығы тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға, ауылдарымыздың әлеуетін көтеруге бағытталған. Бұл сапарымыздың мақсаты да осы. Ел-елді аралап, сіздердің жағдайларыңызды өз көзімізбен көру. Көріп қана қоймай, кемшілік пен жетіспеушіліктің салдарын қарау, барынша айтылған мәселелер бойынша жұмыс жүргіземіз,– деді облыс әкімі тұрғындармен кездесуінде.

Кездесу Қошқарата ауылдық округі Жамбыл елді мекенінде бой көтерген мәдениет үйінде өтті. Жаңа нысан жақын күнде ел игілігіне беріледі.

Облыс әкімі 150 орындық клуб және кітапхана құрылыс жұмыстарымен танысты.

Біздің ең басты мақсатымыз - халықтың әлеуметтік жағдайын барынша көтеру. Жергілікті тұрғындар атқарушы билікпен бірге бірлесіп жұмыс істеу керек. Сонда нақты нәтиже мен үлкен жетістікке қол жеткізуге болады. Әкімдік пен халық бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ауызбіршілікте жұмыс істесек қана кез келген қиындықты еңсере аламыз,-деді облыс әкімі.

Ал, Ақтөбе ауылдық округіндегі кездесуде аудан тұрғындары да сөз алып, елді мекендерді газдандыру, халықты жұмыспен қамту, жол, құрылыс, экология, басқа да сан саладағы өзекті мәселелерді жеткізді.

Жиында сөз алған Дархан Сатыбалды көтерілген мәселелер назарда екенін, кезең-кезеңімен шешімін табанынын мәлімдеді.

Түркістан облысының әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген болатын. Бүгінде балық шаруашылығымен айналысушыларға мемлекет тарапынан тиісті жеңілдіктер, субсидиялар беріліп отыр.

Осы орайда өңір басшысы Дархан Сатыбалды аудандағы Ақтөбе ауылдық округі, М.Горький елдімекенінде орналасқан «Көшім» шаруа қожалығының балық өсіру және балық етін өңдеу цехының жұмысымен танысты.

Шаруа қожалық 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде қожалықта балық өсіру және балық етін өндіру қызметтері жүзеге асып жатыр. Бүгінде 19 гектар жерде 13 тоғанды көл бар. Мұнда балықтың сазан, ақ амур және тағы да басқа түрлері бар. Қазіргі таңда цехта 10 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы 20 адам тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Жалпы балыққа берілетін жемнің 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады.

Қазіргі таңда Келес ауданында 4 ірі шаруашылық балық шаруашылығымен айналысады. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды. Ақтөбе ауылдық округі, Лесбек батыр елді мекені «Тамсан-БТА» АШӨК балық өсіру жұмысымен танысты. Мұнда тек балық өсіріп қана қоймай, балық етін өңдеп отыр. «Ауыл аманаты» бойынша 38 адам бірігіп, кәсібін ұлғайтпақ.

Айта кетейік, бүгінде облыста жоспарға сәйкес, жаңадан 28 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4 кәсіпкер үйіргелік аулада ашылып, жұмыстар жалғасып жатыр. Жалпы өңірде қуаттылығы жылына 15 мың тоннаға жететін 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.

Жыл сайын көктем, күз айларында нөсер жаңбыр және қардың еруінен Келес өзенінде тасқын, топан сулар пайда болып, өзен маңындағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді және жеке тұрғын үй секторларына қауіп төніп төнетін.

Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Келес ауданы аумағынан өтетін Келес өзенінің 12 жерінен су арнасын бұру жұмыстары жүргізілуде. Жоспарлы жұмыстар Ақтөбе ауылдық округінің Жуантөбе елді мекенінен бастау алып, Кеңдала, Жаңадәуір және Көкбұлақ ауылдарының тұсында жалғасты.

Ауқымды жұмыстармен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды танысты. Облыс басшысы маңызды нысандағы арна түзету және жаға бекітуге қатысты құрылыстың сапасына аса назар аударуды тапсырды.

Бүгінгі таңда Қошқарата ауылдық округінің Ұшқын, Мақташы ауылдары мен Бірлесу ауылдық округіндегі 28 Гвардия және Абай ауылы аумағындағы Келес өзеніне құятын арықты (коллектор) қайта қалпына келтіру және түзету жұмыстары атқарылуда.

Келес ауданы бойынша 7,2 км арна түзету жаға бекіту жұмыстары жүргізіледі. 2100 габиондық сетка орнатылады. 6300 м3 қой тасы орнатылады. Бүгінгі таңда 12 нысанның 4-еуі біткен. Алтауында жұмыстар жүргізілуде. 2 нысан су беру науқаны аяқталған соң жұмыстар жүргізіледі. Тұран су КММ мекемесі тарапынан жұмыстар атқарылуда.

Айта кетейік, Түркістан облысы, Келес ауданының аумағын өтетін Келес өзені ауданның алты ауылдық округінен ағып өтіп, ұзындығы 90 шақырымға жуық аралықты құрайды.

Тасқын, топан сулар өзен арнасын бұзып, өзен жағалаулары жарқабақтана опырылып құлап, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді және жылы жай кешендерін, жақын орналасқан тұрғын үйлерді шайып кету қаупі бар. Осыған байланысты Келес ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі жұмысшы топ кұрылып, мәселенің өзекті екені анықталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы