Түркістан облысының 58 ауылында электр желілері жаңарды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының Келес ауданында электр желілері жаңарды. Нәтижесінде 58 елдімекен сапалы электр қуатымен қамтылып, үлесі 70 пайызға жетті.
Былтыр төрт елдімекендегі электр бағаналарының құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Бүгінде аудан бойынша 18 елдімекеннің, атап айтқанда, Ошақты ауылдық округіндегі Қөңыртөбе, Саңырау, Ошақты, Алпамыс батыр ауылдық округіндегі Ақжол, Қауыншы, Ақтөбе ауылдық округіндегі Жуантөбе, Ақжар, Жаңадәуір, М.Горкий, Ескіқорған, Көгерту, Қаратөбе, Қияжол, Бозсу, Ғ.Муратбаев, Құйған, Көкбұлақ, Ынтымақ елдімекендерінің жобалық-сметалық құжаттары дайындалды.
Биыл тағы алты елдімекенде құрылыс жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп отыр. Қазіргі таңда «Қызыләскер» қосалқы подстанциясының құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Аталған қосалқы подстанциядан 3 аудан сапалы электр қуатымен қамтылатын болады, - деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан өткен жылы 387,4 млн теңгеге 50 шақырымнан астам электр желілерімен 15 бірлік трансформатор орнатылды. Биылғы жылға жалпы құны 1 135,5 млн теңгеге тағы 50 шақырымнан астам электр желілерімен 14 бірлік трнсформаторлар орнату жоспарлануда.