Түркістан облысындағы қанды атыс: бетперде киген қарулы адамдар 17 жастағы бозбаланы атып өлтірді

Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы шағын Көктерек ауылында қарулы қақтығыс болып, 17 жастағы жасөспірім қаза тапты. Тағы үш адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Полиция күдіктілердің бірін ұстады, екіншісі іздестірілуде. Оқиға жергілікті тұрғындар үшін үлкен дүрбелеңге айналып, қазір ауыл халқы кешкі уақытта сыртқа шығудан қорқып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Полиция мәліметінше, оқиға 2 қараша күні кешке ауылдағы дәріхана маңында болған. Бір топ жас жігіт әңгімелесіп тұрған сәтте, оқиға орнына бетперде киген, қолында қаруы бар белгісіз адамдар мінген көлік тоқтаған. Олар еш ескерту жасамай, жастарға қарай оқ жаудырған.

Куәгерлердің айтуынша, кейбірі қашып үлгерген, кейбірі тығылып аман қалған. Ал 17 жастағы бозбала оқтың астында қалып, оқиға орнында көз жұмған. Оның туған ағасы жараланып, қазір ауруханада жатыр.

Оқиға орнына бірден аудандық полиция бөлімінің басшылығы мен жедел-тергеу тобы барды. Жедел іс-шаралар барысында күдіктілердің тұлғалары анықталды. Олардың бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал екіншісі іздестірілуде. Аталған факті бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істің тергелуі департамент басшылығының ерекше бақылауында, – делінген Түркістан облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

Ауыл тұрғындары болса, қанды оқиғаның себептерін түсіне алмай отыр. Олар қаза тапқан және жараланған жігіттердің кімге не үшін кедергі болғанын болжай да алмай отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Түркістан облысының Түлкібас ауданында болған атыс салдарынан бір адам қаза тауып, тағы үшеуі жараланды. Полиция күдіктілердің бірін ұстады, тергеу жүріп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы