Түркістан облысындағы мектепте оқушылар мен мұғалімдер жаппай уланды
Түркістан облысындағы мектептердің бірінде өздерін жайсыз сезінген 29 оқушы мен 10 мұғалім ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл оқиға Сарыағаш ауданында болған. Жағдай қазір Түркістан облысы Білім басқармасы назарында.
Басқарма басшысы Ғалымжан Сұлтанбекұлы өз бақылауына алып, Сарыағаш ауданындағы жағдайға байланысты арнайы іссапармен барды. Мектеп ұжымы мен ата-аналармен кездесіп, екі жақтың уәжін тыңдады. Дүйсенбі оқушылар мен мұғалімдер мектепке келгеннен кейін өздерін жайсыз сезініп, мектеп медбикесі алғашқы көмек көрсеткен, - делінген Түркістан облысы Білім басқармасының мәлімдемесінде.
Мәліметке сәйкес, жедел жәрдем 29 бала мен 10 мұғалімді ауруханаға тексеруге алып кеткен. Тексерістен өткен 29 оқушы мен 8 мұғалімнің жағдайы бірқалыпты болғаннан кейін барлығы үйлеріне қайтарылған. Ал қалған 2 ұстаз ауруханада.
Оқушылар алдағы 3 күнде қашықтан білім алатыны туралы шешім қабылданды.
Оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігі қатаң бақылауда.
Аудандық прокуратура шағым негізінде тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нәтижесіне сәйкес, мектеп директорына және жауапты орынбасарларына тиісті шаралар қарастырылады.