Түркістан облысындағы газ жарылысы: зардап шеккендерге уақытша баспана берілді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылына барып, 12 пәтерлі тұрғын үйде газ жарылысы болған оқиға орнын көрді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға кезінде ғимаратта жеті адам болған. Барлық зардап шеккендерге уақытша баспана берілді, қазіргі уақытта олар туыстарының үйінде тұрып жатыр.

Өңір басшысы оқиға орнын аралап, тиісті қызметтерге апаттың салдарын жоюды, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетуді және қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ үй жөнделіп біткенше тұрғындарды уақытша орналастыруды қамтамасыз ету жөнінде нұсқау берді.

Зардап шеккендердің бірі – әйел адам ауруханада ем қабылдап жатыр.

Қазір оқиға орнында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмыс істеуде. Алдағы күндері зақымданған тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары басталады. Газ жарылысының себебі тиісті органдар тарапынан анықталып жатыр.

Еске салсақ, Отырар ауданының Шәуілдір ауылындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінде газ-ауа қоспасының жарылысы болғаны хабарланды. "QazaqGaz Aimaq" акционерлік қоғамы баспасөз қызметінің алдын ала мәлімет бойынша, жарылыстың себебі – газ жүйесіне өздігінен қосылу әрекетінен болған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы