Түркістан облысында жоғалған 7 адам іздестіріліп жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жоғалған 7 адамды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысының құтқарушылары Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жоғалған 7 адамды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың жоғалғаны туралы хабарлама 112 пультіне 2021 жылғы 25 мамырда сағат 18:30-да келіп түсті. 21 мамырда туристер «Сары-Айғыр» шатқалына жаяу бет алды. Құтқарушыларға хабарласқан адамның айтуынша, олар 24 мамырда үйге оралуы керек еді, - деді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.
Водомствоның хабарлауынша, өткен тәулікте іздестіру топтары 37 шақырымға жуық таулы аймақты жаяу аралады. Екі пилотсыз ұшу аппараты арқылы 4 шақырым радиуста бақыланды.
Іздестіру жұмыстарына Түркістан облысы ТЖ департаментінің 25 құтқарушысы, 2 квадракоптері және 7 техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ Полиция департаментінің 4 қызметкері мен 1 техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 2 қызметкері мен 1 техникасы, ҰҚК Шекара қызметінің 3 ат патрулі, ұлттық парктің 10 қызметкері мен жоғалғандардың туыстары іздестіруге атсалысып жатыр.
Ауа райының қолайсыздығына (тұман, ала бұлт, таулы жерлердегі найзағай) байланысты «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағын Шымкент қаласынан әуеге көтеру мүмкін емес.