Түркістан облысында жаңа зауыт салынады
Түркістан облысы Жетісай ауданында жаңа зауыт бой көтереді, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының бастамасымен жыл сайын кәсіпкерлерге жасалатын мемлекеттік қамқорлықтардың қатары артып, берілетін несиелердің суммасы да көбейіп отыр.
Ауданға инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы жүзеге асыру мақсатында бірқатар жобаларды жүзеге асыруды қолға алған Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов Қытай елінің Синьзян провинциясының "Цзинь Тайян Ко., ЛТД" компаниясының басшысы Луи Кесонганы қабылдап, жалпы құны 15 млн АҚШ доллары (7,5 млрд теңге) болатын инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойды.
Жоба аясында шетелдік кәсіпкер аудан аумағында ауыл шаруашылығы саласына қажетті тамшылатып суғару әдісін жүзеге асыруға арналған құрал-жабдықтар мен пленкаларды шығаратын зауыт салатын болады.
Ағын суды үнемдеу мен өнім сапасын арттыруда аса тиімді тамшылатып суғару әдісін кеңінен жүзеге асыруға қажетті құрал-жабдықтардың ауданымызда шығарылуы шаруалар үшін де, аудан экономикасы үшін де пайдалы болмақ. Одан бөлек, көптеген жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады, бағасы да тиімді болады, – деген аудан басшысы зауыттың инфрақұрылымы мен қажет болған жағдайда ІІ деңгейлі банктер арқылы несие алу үшін де қолдау көрсететінін жеткізді.
Айта кетейік, жыл басынан бері 31 млрд теңгеге жүзеге асырылған инвестициялық жобалардың 16 млрд теңгесі жеке кәсіпорындар есебінен. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 40 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.