Түркістан облысында заңсыз мигранттар анықталды
Екі күн ішінде 344 құқық бұзушылық анықталды, оның 242-сі шетелдік азаматтармен байланысты болды.
Түркістан облысында "Мигрант" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында көші-қон заңнамасын бұзған жүздеген фактілер тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Otyrar.kz-тің хабарлауынша, рейдтерге көші-қон қызметінің қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, сондай-ақ криминалдық және патрульдік полиция өкілдері қатысты.
Екі күн ішінде 344 құқық бұзушылық анықталды, оның 242-сі шетелдік азаматтармен байланысты болды. Құқық бұзушыларға әкімшілік хаттамалар жасалып, материалдар сотқа жіберілді. Сот шешімі бойынша 118 адам елден шығарылды.
Сонымен қатар, шетелдіктерді қабылдаған 71 азамат ережелерді бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Қазақстанның 31 азаматы шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін жазаланды.
Келес ауданында рұқсат құжаттары жоқ 17 шетелдік құрылыс жұмыстарымен айналысқаны анықталды. Жиналған материалдар сотқа жіберіліп, қабылдаушы тарап тексерілуде.
Полицейлер бұзушылықтарды анықтаумен қатар, көші-қон заңнамасын қатаң сақтау қажеттігін еске салып, шетелдік азаматтар мен жұмыс берушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.