Түркістан облысында заңсыз алкоголь өндіретін цех анықталды
Түркістан облысында полицейлер үйдегі жерасты цехын анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру бойынша жерасты цехының қызметін тоқтатты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жедел уәкілдер үйде заңсыз бизнес ұйымдастырған Сарыағаш ауданының тұрғынын ұстады.
Тінту кезінде қақпақтарды өңдеуге және штамптауға арналған аппарат, 300 бөтелке мөлшеріндегі дайын алкоголь өнімі, спирт-арақ сұйықтықтарын сақтауға арналған қақпақтар мен ыдыстар тәркіленді. Шығын шамамен 360 мың теңгені құрады.
Белгілі болғандай, жерасты цехы аудан аумағында үш ай бойы жұмыс істеген, ал оның иесі Түркістан облысының екі ауданының сауда орындарында өнімді заңсыз өткізіп отырған.
Осы факт бойынша барлық мән-жайды анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Жиналған материалдар Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне заңды шешім қабылдау үшін жолданды.
Тәртіп сақшылары жедел алдын алу іс-шараларын жүргізуді жалғастыруда, сондай-ақ азаматтарды құқық бұзушылықтар жасағаны үшін заң аясында жауапкершілік қарастырылғаны туралы хабардар етеді.