Түркістан облысында таудан құлап кеткен адамды іздестіріп жатыр

3 шілдеде Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркінің аумағында 3 адамнан тұратын топ теңіз деңгейінен 4236 метр биіктікте орналасқан Сайрам шыңына шыққан, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

1967 жылы туған ер адам таудың басынан түсіп келе жатқанда арқан үзіліп, турист мұз бойымен домалап, еңіске құлап кеткен.

5 шілдеде ауа райының қолайсыздығына байланысты іздестіру жұмыстарын жаяу да, авиатехниканың көмегімен де жүргізуге мүмкіндік болмаған.

Хабарлама келіп түскен сәттен бастап Қасқасу кемпингінде Түркістан облысы полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД, Шымкент қаласы Альпинизм және спорттық туризм федерациясы қызметкерлерінен штаб ұйымдастыру бойынша шаралар қабылданды. 6 шілдеде таңғы сағат 6.30-дан бастап ТЖД Жедел-құтқару жасағының 8 құтқарушысы және альпинизм федерациясынан 4 альпинист іздеу жұмыстарына жіберілді, - делінген ТЖМ таратқан хабарламада.

​​Құрылған штабтан оқиға орнына дейінгі жалпы арақашықтық 15 км. Тау шатқалдарының тік орналасуына және табиғи кедергілердің көп болуына байланысты құтқару-іздестіру жұмыстары созылуы мүмкін.

Іздестіру жұмыстарына қосымша Сайрам-Өгем ұлттық паркінің орманшыларынан ат патрульдері тартылатын болады.

Құтқарушылар альпинисттік құрал-саймандармен, спутниктік телефондармен, радиобайланыс құралдарымен және 3 тәулікке жететін азық-түлікпен қамтамасыз етілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: скрин
Өзгелердің жаңалығы