Түркістан облысында тағы бір елді мекен газбен қамтылды
Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылындағы 13 көше, 145 тұрғын үй табиғи газға қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев, Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиев пен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Нұржан Түймебаев, «ИнтергазОрталықАзия» АҚ Түркістан газ шаруашылығының басшысы Ақиқат Абдуллаев арнайы келіп, тұрғындардың қуанышын бөлісті.
Біздің басты міндетіміз – халықтың жағдайын көтеріп, олардың келешекке деген сенімдерін арттыру. Ескі Иқан жұртшылығы бұл күнді көп күтті. Бүгін 13 көшенің үйлеріне «көгілдір отын» қосылады. «Көгілдір отын» осы өңірдегі халықтың тұрмыс-тіршілігіне, шағын және орта бизнестің дамуына септігін тигізетіні сөзсіз. Сіздерді бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтаймын, – деді аудан әкімі.
Газ құбырын жүргізген мердігер мекеме – «Баянды Құрылыс» ЖШС. Жобалаушы мекеме – «ҚазНұр Жобалау институты» ЖШС. Ал техникалық қадағалаушы мекеме – «Даут Инжиниринг» ЖШС. Жүргізілген газ құбырының ұзындығы – 112,267 шақырым. №16 «Ескі Иқан» автоматты газ тарату станциясының қуаты – 33 302 м3/сағ. Аталған автоматты газ тарату станциясына бүгінгі таңда 6 елді мекен газ желісіне қосылып, 3947 тұрғын үй «көгілдір отынға» қол жеткізіп отыр.
Үздіксіз әрі қауіпсіз газбен қамтамасыз етуді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүзеге асырды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Нұржан Түймебаев тұрғындарды қуанышымен құттықтап, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертті.
Елді мекенді толық табиғи газға қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.