Түркістан облысында құны 42 млрд теңге өнеркәсіптік жылыжай кешені іске қосылады
Келес ауданында 51 гектар аумақта жылына 25 мың тоннаға дейін қызанақ өндіруге арналған "Ecoculture-Eurasia" өнеркәсіптік жылыжай кешенінің құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жоба өңірдің агроөнеркәсіптік дамуы мен Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда зор рөл атқаратын болады.
Жобаның инвестициялық көлемі 42 млрд теңге. Қазіргі уақытта 40 гектарда жылыжай блоктарының металл құрылымдары орнатылып, ішкі және сыртқы желілер жүргізілді, қазандық және қосалқы отын қоймасы салынды. Сегіз жылыжай блогының төртеуі қазірдің өзінде іске қосылған.
Сонымен қатар әкімшілік-тұрмыстық кешен және қоймалар құрылысы жүргізілуде.
Жобаны толық іске қосқаннан кейін 800 жаңа жұмыс орны ашылады, кешен заманауи нидерландтық жабдықтармен қамтамасыз етіледі, ал жылыжайлардың аумағы кезең-кезеңімен 500 гектарға дейін ұлғайтылады, – дейді "Ecoculture-Eurasia" серіктестігінің негізін қалаушы Алмас Дәуітов.
Кешенді іске қосу 2027 жылдың көктеміне жоспарланған.
Айта кетейік, 2025 жылы Түркістан облысындағы жылыжайлардың жалпы ауданы 75 гектарға өсіп, 1715 гектарды құрады. Осы жылы 150 мың тоннадан астам көкөніс, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон және 13 мың тонна құлпынай өндірілді.