Бүгiн 2026, 12:25 Фото: pixabay.com

Түркістан облысында прокуратура мемлекетке 59 гектар жерді қайтарды

Жер телімдері заң талаптарын бұза отырып жеке меншікке берілгені анықталған.

Түркістан облысының Жетісай ауданында прокуратураның бастамасымен жалпы аумағы 59 гектар болатын 11 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Олардың кадастрлық құны 48 млн теңгені құрайды.

Прокуратураның мәліметінше, жер заңнамасының сақталуына жүргізілген талдау барысында нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған, иесіз қалған немесе заң талаптарын бұза отырып берілген жер учаскелері анықталған.

Прокурорлық қадағалау актісі негізінде жердің пайдаланылуы мен қорғалуына бақылау жүргізетін уәкілетті орган сотқа тиісті талап арыздармен жүгінді.

Сот талқылауларының қорытындысы бойынша жалпы аумағы 59 гектар болатын барлық 11 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Сонымен қатар жер заңнамасын бұзуға жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Прокуратура заңсыз берілген, пайдаланылмай жатқан және иесіз жерлерді анықтау, сондай-ақ оларды мемлекетке қайтару жұмыстары жалғасып жатқанын және бұл мәселе қадағалау органының тұрақты бақылауында екенін атап өтті.