Түркістан облысында полиция мен еріктілер 200-ге жуық граффити жазбаларын жойды
Түркістан облысында полиция қызметкерлері мен еріктілер синтетикалық есірткілерді жарнамалайтын 200-ге жуық граффити жазбасын жойды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полицейлер интернет желісі арқылы есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды өткізуге қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу және оларды анықтау жұмыстарын күшейтіп келеді. «Цифрлық өткізу» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараға Есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшелері, әкімдіктің ішкі саясат бөлімі, «Жастар ресурстық орталығы» жастары, облыстық еріктілер қауымы, «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС қызметкерлері, облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының өкілдері, «Қожа Ахмет Ясауи» университетінің студенттері, спортшылар және «Дала қырандары» жастар ұйымының белсенділері қатысты.
Акция барысында Түркістан қаласының көшелерінде синтетикалық есірткілерді жарнамалайтын 200-ге жуық граффити жазбасы жойылды. Сонымен қатар халық көп шоғырланатын аумақтарда тұрғындарға ақпараттық үнпарақтар таратылып, жасөспірімдерге есірткінің зияны туралы танымдық көріністер мен қойылымдар көрсетілді. Қауіп-қатердің салдары мен алдын алу жолдары түсіндірілді.
Полиция қызметкерлері оқу-жаттығу әрекеттерін көрсетіп, қауіпсіздік ережелері, сақтық шаралары және құқықтық жауапкершілік туралы мағлұмат берді. Құқық қорғау органдары мұндай жұмыстар алдағы уақытта да қоғам өкілдері мен белсенді жастарды тарта отырып тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.