Түркістан облысында Наурыз мейрамы қалай аталып өтеді

Түркістан облысында биыл Наурыз мейрамын 10 күн бойы атап өту жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мәлімдеді.

Мерекені тойлау 14 наурыз «Көрісу күні – амал мерекесі» атауымен басталады.

14 наурыз күні өңірдегі белгілі өнер, спорт саласындағы қайраткерлер аға буынның шаңырақтарына арнайы барып, жылдың басталуымен құттықтайды. Амандандық сұрасып, көріседі. Сондай-ақ, осы күні «Наурыз – жақсылықтың жаршысы» атауымен облыстық челленж ұйымдастырылады. Ал 15 наурыз күні «Наурыз - мейірімділік мерекесі» ретінде аталып өтпек. Бұл күні аудан-қалаларда, ауылдарда жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық акциясы өтеді. Сондай-ақ, соғыс, еңбек ардагерлеріне, Батыр аналарға құрмет көрсету мақсатында «Аға ұрпақты қастерлейік» акциясы қолға алынады», - деді басқарма басшысы.

15 наурыз күні «Конгресс холл» кешенінде облыс әкімдігі мен айтыс ақындары және жыршы-термешілердің Халықаралық одағының ұйымдастыруымен Түркістан облысы мен Жамбыл облысы ақындары, термеші-жыршылары арасындағы командалық өнер додасы ұйымдастырылады. Ал, 16 наурыз күні «Наурыз – салт-дәстүрдің жаңғыруы» атауымен облыстағы мәдениет мекемелерінде ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртатын сахналық көріністер өтеді.

17 наурыз күні «Наурыз - тәрбиенің бастауы» деген атаумен мектептерде мерекелік іс-шаралар, қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмелері ұйымдастырылады. Сондай-ақ, жағдайы төмен отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетілмек. 18 наурыз - «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» деген атпен 09:00-ден бастап Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері ұлттық киім кию челленжін бастайды. Сонымен қатар, 18 наурыз күні «Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы» атануының ресми ашылу салтанаты «Керуен сарай» аумағында өтеді», - деді Әзімхан Қойлыбаев.

Одан бөлек мереке аясында «Наурыз - жаңару мен жаңғырудың, татулықтың бастауы» деген атпен өңірлерде ағаш егу дәстүрі өтеді. 20 наурыз - «Ұлттық спортты ұлықтау» күнінде барлық өңірлердегі спорт кешендері мен атшабарларда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы