Түркістан облысында машинист баланы пойыз астында қалудан құтқарып қалды
Жоспардан тыс тоқтаған пойыз қозғалысы небәрі төрт минутқа кешіккенімен, машинистің әрекеті қайғылы оқиғаның алдын алды.
Жолаушылар пойызының машинисі шұғыл тежеуді дер кезінде қолданып, теміржолда болуы мүмкін қайғылы оқиғаның алдын алды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мәліметінше, оқиға 20 маусым күні Түркістан – Шиелі учаскесінде, Шорнақ станциясы маңында болған. Алматы-2 – Саратов бағытындағы жолаушылар пойызының алдына ересектердің қарауынсыз жүрген бес жасар бала кенеттен теміржолға жүгіріп шыққан.
Машинист баланы дер кезінде байқап, шұғыл тежеуді қолданған. Оқиға кезінде пойыздың жылдамдығы сағатына шамамен 70 шақырым болған.
Локомотив бригадасының жедел әрекетінің арқасында баланы қағып кетудің алдын алу мүмкін болды. Компанияның мәліметінше, жоспардан тыс тоқтау салдарынан пойыз қозғалысы небәрі төрт минутқа ғана кешіккен.
ҚТЖ өкілдері аталған теміржол учаскесі қорғаныс қоршауымен жабдықталғанын атап өтті.
Теміржолшылар ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және теміржол маңында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға тағы да шақырды.